Ажырасу – жүрекке түскен сызат, қоғамға түскен із
Әр шаңырақтың өз үні, өз тынысы бар. Біреуінде күлкі, біреуінде үнсіздік, енді бірінде шаруа қамы. Бірақ бәрінің түбінде бір ниет — бірге өмір сүру, бір мақсатқа ұмтылу.
Ажырасу туралы шешім — сол үйлесімнің бұзылғанын, көңілдің жараланғанын білдіретін үлкен сызат. Бұл сызат бір күнде пайда болмайды. Ол — байқалмай, сезілмей жинала беретін өкпе, орындалмаған уәде, айтылмаған сөз, тыңдалмаған жан сыры.
Кейде үйдің іші толған адамдардың даусы, бірақ көңілде тылсым жалғыздық. Кейде екеудің арасында тұрған елеусіз бір қабырға — ешқандай дауыс жетпейтін, ешқандай сезім өтпейтін.
Жалпы ажырасу — екі адам туралы ғана емес. Ажырасу көбіне екі адамның арасына тартылған сызық секілді көрінеді. Бірақ оның көлеңкесі әлдеқайда ұзын. Бұл мәселе ең алдымен балаға әсер ететіні белгілі. Бала — ата-ананың айнасы. Екі жаққа кезек ауысқан сәтте, ол әлемнің өзегін түсінбей қиналады. Түнгі тыныштықта терезеге ұзақ қарап отыратын сәбидің бейнесінде қанша сыр, қанша үміт, қанша сұрақ бар десеңізші. Бір отбасының жыры — бүтін елдің шынжыры. Отбасы әлсіресе, рухани негіз де солғындап, мейірім мен парасаттың аясы да тарылып бара жатқандай.
Әрине, кей шаңырақтың ажырасуы — қайғыдан құтылу, зорлықтың тоқтауы, жаңа өмірге жол болуы мүмкін. Ол да — тағдырдың бір бұрылысы. Адам бақытты болуға лайық. Кейде бақытқа жету үшін екіге бөліну — ең дұрыс қадам.
Бірақ көп жағдайда ажырасудың себебі — түсінбеу, сабырдың аздығы, кешірімнің көңілден өшуі, уақыттың тек сыртқы тіршілікке жұтылып кетуі.
Өкініштісі — адам бір-бірін жоғалтқаннан кейін ғана қадірін аңғарады. Асықпай айтылуға тиіс сөзді асығып айтып, кеш айтуға тиіс кешірімді кеш түсінеді.
Осы тұста өңіріміздегі статистикалық мәліметке көз жүгіртейікші, 2023 жылы 266 жұп неке қиған болса, сол жылы 34 отбасының шаңырағы шайқалған, ал 2024 жылы 432 отбасы отау құрып бақытқа кенелсе, 60 жұптың арасына сызат түскен, сол секілді биылғы жылы 372 отбасы ақ некесін қиған болса, 48 отбасы ажырасуға шешім қабылдаған екен. Келтірілген сандарға мән беретін болсақ, статистика бір қалыпты ұстап тұр. Бірақ ажырасу көрсеткішінің жыл өткен сайын төмендегені қайсымызды болмасын қуантар еді… Өкініштісі, аудан әкімдігінің АХАЖ бөлімі берген мәліметке сүйенсек, неке бұзушылардың басым бөлігі 40-50 жас аралығындағы әбден бір-біріне сіңіскен, ыстыққа да, суыққа да бірге төзе білген, өсіп келе жатқан ұл-қыздарына үлгі болу керек жұптардың арасында болып жатқандығы қынжылтады.
Десе де ажырасу — күндердің бір күнінде басталатын дауыл емес, ол — баяу соққан өкпелердің жиналған желі. Оны тоқтату үшін үлкен күш керек: түсіну, мейірім, шыдам, сыйластық. Ал сол төрт қасиет біздің қоғамда қайта жаңғырып, отбасы құндылығы биіктей түссе — ажырасу да азаяр еді деген үміт те бар.
Қандай уақыт өзгерсе де, отбасының рөлі ешқашан төмендемейді. Ата-баба аманаты болған шаңырақтың шаттығын сақтау – әр азаматтың борышы.
Отбасын құру—бір күндік іс емес, ол – бір-бірін қолдау, түсіну, кешіре білу, сыйлау мәдениеті. Ажырасу—соңғы шешім болуы тиіс.
Ажырасудың көбеюі – қоғамға ескерту. Бұл – біздің құндылық-тарымызды қайта саралап, отбасы институтын нығайтуға күш салу қажеттігін көрсетеді.
Берік отбасы – ұлт болашағының кепілі. Сондықтан әрбір жанұяның тыныштығы мен татулығы — мемлекет үшін де, ұрпақ үшін де ең маңызды мәселе.
Балнұр Жексенбекқызы.