Қырық жылдық қызмет – ақ халатқа адалдықтың өлшемі
Адам өмірінің ең қымбат байлығы – денсаулық. Ал сол денсаулықтың күзетінде тұрған абзал жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Қызметіне адал жандардың бірі — өмірінің қырық жылын медицина саласына арнап, халық саулығы жолында аянбай тер төгіп келе жатқан тәжірибелі мейірбике Калыкова Тұрсынкүл Мәдібекқызы.
Тұрсынкүл Мәдібекқызы 1966 жылы 20 желтоқсанда Шатырқұл кеңшарында дүниеге келген. Бала кезінен ширақ, жауапкершілігі мол болып өскен ол адамға көмек көрсетуді негізгі мақсатындай қабылдады. 1984 жылы Ақтөбе ауылындағы Қ.Сәтбаев мектебін аяқтаған соң, жүрек қалауымен Тараз қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, мейірбике мамандығын меңгереді. Осылайша ақ халатқа деген алғашқы қадам басталды.
Еңбек жолы 1986 жылы Төле би ауылындағы емханада ішкі бөлімде мейірбике қызметінен бастау алады. Қызметіне тиянақты, науқасқа жанашырлығы ерекше мейірбике көп ұзамай өз ортасына сыйлы, білікті маман ретінде танылады.
1990-2006 жылдары ота бөлімінде жұмыс істеуі оның кәсіби деңгейін одан әрі шыңдады. Бұл жауапкершілігі ауыр, бір сәтке де қателікке жол жоқ бөлімде жұмыс жасау – үлкен тәжірибе мен батылдықты талап ететіні анық. Тұрсынкүл Мәдібекқызы дәл осындай қарқынмен жұмыс істеп, әрбір науқастың сауығып кетуіне жан-жақты қолдау көрсетіп отырды. Бүгінде кейіпкеріміз 2006 жылдан бері Мойынқұм ауылында аға мейірбике болып қызмет атқарады. Ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылауда ұстап, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, медициналық қызметтің сапалы жүруіне жауапты тұлға ретінде көпшіліктің алғысына бөленіп келеді.
Медицина саласы – тынымсыздықты, талап пен тәртіпті, үлкен жауапкершілікті қажет ететін сала. Тұрсынкүл Мәдібекқызы осы талаптардың барлығына лайықты болып қана қоймай, көпшілікке үлгі боларлық еңбек жолын қалыптастырды. Қырық жылдық қызметінде талай рет қиын жағдайлармен бетпе-бет келіп, тұрғындардың амандығы үшін жанкештілікпен еңбек етті. Жылдар бойғы еңбегі ескеріліп, түрлі марапаттарға, мақтау қағаздарына, Алғыс хаттарға ие болды. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – ауылдастарының ақ ниеті мен алғысы.
Тұрсынкүл Мәдібекқызы — үлкен шаңырақтың берекесін келтіріп отырған ардақты ана. Ол үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Бексұлтан Дамира заңгер, екінші қызы Тарғынқызы Гаухар мектеп қызметінде, үшінші қызы Тарғынқызы Жадыра тіл маманы, ал кенжесі Бексұлтан Азамат мал шаруашылығымен айналысады.
Бүгінде тоғыз немеренің ақылшысы, аяулы әжесі атанып отырған кейіпкеріміздің жолдасы Кашкынбаев Мархабай – ауған соғысының ардагері, елге қызмет еткен ержүрек азамат. Екеуі бір-біріне демеу болып, өнегелі отбасының ұйытқысына айналған.
Тұрсынкүл апай бізбен әңгімесінде өз мамандығына деген құрметін былай жеткізді:
— Медицина — жай мамандық емес, жүректің қалауы. Әр науқастың жүзіндегі үміт пен сауығып шыққандағы қуанышын көру – бізге берілген ең үлкен сый. Қырық жыл ішінде түрлі жағдайларды бастан өткердік, бірақ халыққа қызмет ету – әрдайым басты мақсатым болып қала береді. Жас мамандарға да айтарым – мамандықты сүйсең, ол да саған адал қызмет етеді, — дейді ол.
Қарапайымдылықты серік еткен, кәсібіне адал, мейірімін ешқашан жоғалтпаған абзал жан бүгінгі күні медицина саласының құрметті майталмандарының бірі. Оның еңбектері мен адамгершілік қасиеті ауылдастарының жүрегінде ерекше орын алған. Қырық жыл бойы халық саулығына қызмет ету – ерлікпен пара-пар еңбек. Сондықтан Тұрсынкүл Мәдібекқызының еңбегі әлі де көпке үлгі болары анық.
Балнұр Жексенбекқызы.