Қос ауылда қоныс тойы тойланды
Баспана бүгінгі таңдағы халықтың басты армандарының бірі. Әсіресе, күн көрісі қарабайыр көпбалалы отбасылардың қонысқа қол жеткізуі қиын болып тұрғаны жасырын емес. Кейінгі жылдары бұл мәселені шешуге жергілікті атқарушы орган білек сыбана кіріскен. Жеке кәсіпкер салған үйлерді сатып алып, кезекте тұрған тұрғындарға беру арқылы біраз жанның баспана сұрағы шешіліп келе жатқаны белгілі.
Жалғасын тапқан баянды бастама аясында қос ауылда қоныс тойы тойланды. Алқашқы қуаныш Ақсу ауылдық округінде орын алды. Ауылдағы С.Сейфуллин көшесі №67 мекенжайындағы бос тұрған әкімшілік ғимараты баспанаға айналып отыр. Ал қоныстың иесі ретінде ауыл тұрғыны Эльмира Шалтаева ел жұртқа таныстырылды.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде тұрған нысанның кілті өткен аптаның соңында салтанатты түрде табыс етілген болатын. Аталмыш қуанышты сәтке округ әкімі Айдар Айтбай, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары куә болды. Ауылдастарының ілтипатына разы болған отанасы алғысын білдірді.
Өндіріс ауылдық округінің орталығы Абай ауылында 4 бірдей баланың әкесі, III топ мүгедектігі бар Ғалымжан Досаев баспана кілтіне ие болды. Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қатысқан жиын барысында жүрекжарды лебіздер айтылып, ауыл азаматтарының ауызбіршілігі дәріптелді.
– Асар – ағайынның ауызбіршілігін, ауылдың ынтымағын айғақтайтын дәстүр. Бұл ата-бабаларымыздың бұрыннан келе жатқан жолы. Сол жолды жалғап жатқан Абай ауылының азаматтарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Түтінге түтін қосып, ауылдастарына қарайласып жатқан жандар жас ұрпаққа үлгі. Бүгінгі қоныс тойы құтты болсын! Іші жанға, сырты малға толсын,-деді Найман Кенжеханұлы өзінің құттықтауында.
Ақ түйенің қарны жарылған күні ауыл қариялары да ақ тілектерін жеткізіп, кейінгі толқынға білегін түріп баталарын берді. Кейін құрметпен қызыл лентаны қиып, жаңа үйдің алғашқы меймандары атанды. Ақ кимешекті әжелер шашу шашып, қоныс тойға қосқандарымен бөлісіп жатты.
Біраз жыл бұрын көршілес ауданға қоныс тепкен ауылдастарының ауыр тағдырынан хабардар болған ағайын асарлату әдісімен бос тұрған әкімшілік ғимаратты баспанаға айналдырған. Жұмыла жылу жиып, оны ауылдастарымен бөліскен екен.
Округ әкімі Санат Карбозовтың айтуынша, ауыл тұрғындары жаңадан қосылған түтін иесінің үйіне көгілдір отын қосып беруді жоспарлап отыр. Кейін қорасына азын аулақ мал жинап, тұрмысын түзеуге сеп боламыз дейді.
Байжан Емберді.