Ақпараттық портал

Жас өнертапқыштар жарысы өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
“Әлемде еңбекті бәсекелестік деңгейіне көтерген мемлекеттер бар. Соның арқасында олар сапалы
өнімдерімен жер жүзін мойындатып отыр. Бұл халықтар өз ұрпағын жас кезінен тынбай жұмыс істеуге баулиды. Солардың тәжірибесін өзімізге бейімдеп, бала тәрбиесіне енгізу жайын қарастырған жөн” деп өскелең ұрпақтың өнертапқыштық қасиетін ашып, дарынды жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажеттігін сан мәрте айтып келеді. Шын мәнінде, кез келген ұлттың маңдайына туматаланттарды берген, кез келген ұлт қоғамға пайдалы дүниелерді ойлап шығаруға бейім, тек көзін тапса болғаны. Әуеге құстай самғатып ұшағымызды, теңізге балықтай жүздіріп кемемізді, қара жолға зымыратып көлігімізді жүргізіп қойсақ та, осы техникаларымызды түрлендіріп, қуаттылығын арттырып, үлкен кедергі-тосқауылдардан мүдірмей өтіп кететіндей, қуат көздерін үнемді
пайдаланатындай қасиеттерге ие болуы үшін әлі де талмай еңбек етуіміз керек.

Осыған орай, жуырда аудандық техникалық шығармашылық және өнертапқыштар жарысы өтті. Техникалық шығармашылық орталығында өткен жарыста М.Әуезов, Ғ.Мұратбаев, Абай, А.С.Макаренко, А.Байтұрсынұлы, Т.Рысқұлов, Б.Момышұлы орта мектептерінен келген оқушылар әуе, зымыран, кеме, авто модельдеу бойынша сынға түсті. Әрі бұл жарыс қосымша білім беру педагогтері үшін тәжірибе алмасуға, жас конструкторлар мен инженерлерге шығармашылық әлеуетін іске асырып, ғылыми-техникалық идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Аудандық өнертапқыштар байқауының ашылу салтанатында аудандық техникалық шығармашылық орталықтың директоры Асемгүл Кокумбекова сөз сөйлеп, өнертапқыштар жарысының қыр-сырын атап өтіп, әрі елімізге тигізер пайдасының ұшан-теңіз екендігін тілге тиек етті. Бұл байқауға №10 Шу колледжі оқу өндіріс шебері әрі комиссия төрағасы Бектен Мамеков, Т.Рысқұлов мектебінің технология пәні мұғалімі Мәди Райымкулов, техникалық шығармашылық орталығының «Авто ісі» үйірме жетекшісі-арбитр Қ.Малдыбаев, М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектебінің мұғалімі Ұ.Әуітжан төрелік етті.
Жас өнертапқыштардың талантын ашуға, қызығушылығын арттыруға бағытталған бұл байқау жоғары деңгейде өтті. Оқушылар қалдық заттардан, соның ішінде бөтелке, пластмасса, картон сынды заттарды кәдеге жаратып, әуе, су, жер көліктерінің түрлі модельдерін көрсетті. Тіпті, зымырандарын көкке ұшырып, кеме-қайықтарын Шу өзеніне апарып жүздіріп көрді. Сондай-ақ, ойдың ұшқырлығы мен шеберліктің көрінісін көрсететін байқауда 1:10 масштабта көлік модельдерін мәнерлеп жүргізу, тігінен жүргізу және багги жарысында да оқушылар өз өнерлерін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар диплом, сыйлықтармен, ал жеңімпаздардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталады. Әділқазылар алқасының шешімімен облыстық байқауға «1:10 масштабта көлік модельдерін мәнерлеп жүргізу (РЦБ класы)» номинациясы бойынша І орынды иеленген Бахриев Раиль, «1:10 масштабта багги жарысы (4wd багги -10Э; багги 1:8 ДВС, 1:10 ДВС)» номинациясы бойынша Темірбай Нұрғиса, «Зымыран модельдері, S6А – стример, S9А – ротошют» номинациясы бойынша Батырбек Әлібек, «Тігінен жүретін автотрассалық модельдер (жартылай көшірме) 1/ 32 масштабтағы модель» номинациясы бойынша Рахатұлы Абай, «Тігінен жүретін автотрассалық модельдер (жартылай көшірме) 1/ 24 масштабтағы модель» номинациясы бойынша Ордабайұлы Нәби, «Кеме модельдері MINI ЕСО EXPERT; Ф -2-А» номинациясы бойынша Жақыпбек Бекарыс жолдама алды.
Осыдан екі ғасыр уақыт бұрын Ыбырай Алтынсарин бабамыз “Өнер-білім бар жұрттар” атты өлеңінде өнертапқыш елдердің дамудың даңғыл жолында алғы шепке озатынын айтып өткен болатын. Шын мәнінде мемлекет алдында бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлау ісі тұр. Абыройлы жүктің салмағын сезініп, жас өрендерге сапалы білім мен саналы тәрбиені беріп, ғылымға ден қоятын буынды алға оздыруға барымызды салайық!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.