Әркімнің сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының әрекеттеріне шағымдануға құқығы бар
Шағым – бұл жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік, қоғамдық немесе халықаралық органдарға, олардың лауазымды адамдарына олардың заңды құқықтары мен бостандықтарын бұзған кезде көмек сұрап жүгінуі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 106-бабында, құқықтары мен бостандықтары прокурордың, тергеу және анықтау органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын тұлға қылмыстық құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуында, тергеп-тексеру мерзімдерін үзуде, қылмыстық істі тоқтатуда, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруда, тінтуді және (немесе) алуды жүргізуде, өзге де әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасауда және шешімдерді қабылдауда заңның бұзылуы туралы арызды қабылдаудан бас тартуға шағыммен сотқа жүгінуге құқылы екені айтылған. Шағымды осы баптың тәртібімен қарау кезінде сот осы Кодекске сәйкес қылмыстық істі мәні бойынша шешкен кезде сот қарауының мәні болып табылуы мүмкін мәселелерді шешпеуге тиіс.
Жеке тұлға қылмыстық құқық бұзушылық туралы мысалы, тергеушілер немесе жедел қызметкерлер жасаған кез келген заң бұзушылық туралы мәлімдеуге құқылы.
Прокурор мен полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қатысты өтінішті қалай дұрыс жазу керектігі туралы нақты талаптар жоқ. Негізгі критерий өтініш берушінің дербес деректерін дұрыс толтыру болып табылады, себебі анонимді құжаттар қаралмайды. Шағымда мынадай ақпарат көрсетілуі тиіс: жағдайдың толық сипаттамасы, өтініш берушінің талаптары, органның атауы, тексеруді бастаған тұлғаның мекенжайы, телефоны. Шағымға бұзушылық фактісін растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс.
Сот шағымды қарау барысында істе бар дәлелдемелерге баға бермейді.
Сот өтініш беруші шағымда көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушы, тергеуші, прокурор тексеріп, ескергенін ғана анықтайды. Бұл ретте сот іс бойынша шешім қабылдау үшін кінәсінің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол берілуі немесе жол берілмеуі туралы қорытындысыз материалдық-құқықтық және іс жүргізу негіздерінің болуын не болмауын тексереді.
Шағым қылмыстық процесті жүргізетін орган тұрған жердегі аудандық сотқа, тұлғаның келіспеген шешіммен танысқан күнінен бастап он бес тәулік ішінде беріледі.
Шағымды тергеу судьясы үш тәулік ішінде сот отырысын өткізбей жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізді шешім қабылдау үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы шағымды он тәулік ішінде жабық сот отырысында тиісті тұлғалар мен прокурордың қатысуымен қарайды, сотқа қатысушылардың сотқа келмеуі шағымды қарауға кедергі келтірмейді
Сот отырысының барысында хаттама жүргізіледі. Қажет болған кезде тергеу судьясы қосымша материалдарды талап етіп алдырып, тиісті тұлғаларды шақыруға және олардан сұрақ алуға құқылы. Сот отырысын өткізу барысында арыз иесі шағымды негіздеп, сотқа жауап береді. Содан соң басқа да сотқа қатысушы адамдар тыңдалады, олар сотқа дәлелдемелер беруге құқылы. Шағым жасалған әрекеттердің (әрекетсіздіктің) немесе шешімдердің заңдылығын дәлелдеу ауыртпалығы оларды жасаған немесе қабылдаған тұлғаға жүктеледі.Шағымды қарау нәтижелері бойынша тергеу судьясы тиісті қаулы шығарады.
Сіздің құқықтарыңыз бұзылған жағдайда, сіз сотқа келуге және құқық қорғау органдарының әрекеттеріне шағымдануға құқығыңыз бар екенін білгеніңіз жөн деп санаймыз.
Мар-Лен Тілеубеков,
Шу аудандық сотының төрағасы.