Ақпараттық портал

Өзгеріс өзімізден басталады

Әлемдегі алпауыт елдерде жауыр болған мәселелердің бірі – жемқорлық. Дамыған мемлекеттердің экономикасы ілгерілеп, азаматтарының әл-ауқаты артқанымен де, жемқорлық тұсау болып тұрғаны жасырын емес. Бұл дүниеге стратегиялық тұрғыдан қараған мемлекеттер сыбайлас жемқорлықты түбірімен жоймаса да, тізгіндеп отыр.
Мұндай жүйелі жұмыс елімізде де жүргізіліп, жемісі көзге көрініп жатқандай. Соңғы жылдардың өзінде беделі мен бет-бейнесіне қарамастан шенділер жауапкершілікке тартылып жатыр. Әрі тәркіленген дүниеге мектептер салынып жатқаны белгілі. Бұл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа және әділетті Қазақстан құру қағидаты жүзеге асырылғанын аңғартады.
Президент бір сөзінде “Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде”-деп атап өткені дүйім жұрттың жадында.
Талай жұрттың түбіне жетіп, жеті басты айдаһардай жалмайтын жемқорлық бір ғана Президент пен Үкіметтің пәрменімен жойылмайтынын жақсы түсінуіміз керек. Бұл жеке жауапкершілік пен ожданға да тікелей байланысты. Ол үшін ең алдымен қоғамдық сана қалыптасып, мүлдем төзбеушілік мәдениеті орнауы қажет. Себебі қоғамдағы қилы адам қазандағы ет сияқты біте қайнасып жатқанда ғана сорпа бетіне қандай маңыз шығатынын көре аламыз. Сондықтан көп өзгеріс өзімізден басталатынын білгеніміз абзал.
Қазіргі таңда жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде бұл індеттің екпіні басылған. Енді мемлекет пен қоғам, ондағы әрбір азамат жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қалқан тосуымыз керек. Сонда ғана Еуропа елдеріндегідей өмір орнайтын болады.
Жаһанға жақсы аты жайылған мемлекеттермен тереземіз теңесу үшін біз әуелі білім, медицина, мемлекеттік қызмет пен өзге де өмірлік маңызы бар салалардағы жемқорлықты ауыздықтауымыз ләзім. Өйткені, бармақ басты, көз қыстының салдары апатқа ұшыратады. Оны айналадан, тарихтан бағамдай аламыз.
Халыққа қызмет көрсету – біздің басты міндетіміз. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың соңы неге апаратынын түсіндіруді біз жұмыстың өзегіне айналдырып келеміз. Ол үшін бізге ашықтық қағидаты көмекке келеді. Сондай-ақ әріптестер арасында да бұл мәселе талқыға түсіп, ата-баба нақылы насихат етіледі.
Дархан Әліпбаев,
Жаңа жол ауылдық округінің әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.