Ақпараттық портал

Бітімге келгеннің ісі берекелі

Қазіргі таңда тараптар арасында азаматтық даудың көбеюіне байланысты олардың мәселелерін шешу, ретке келтірудің тиімді әдістерін табу өзекті мәселенің бірі болып отыр.
Азаматтық даулардың бәрі тұрмыстық кикілжіңнен туындап жатады. Ал, күнделікті өмір дәстүр, әдет-ғұрып, салт-санамен тығыз байланысты екені ешкімге жасырын емес. «Ұрыс – ырыс қашырар» деп түсінген ата-бабамыз қандай да бір дау туындай қалса, тараптарды татуластыруға тырысқан. Осы халық даналығының негізінде елімізде тараптарды татуластыруға жан-жақты жағдай жасалып, дау-дамайды шешудің жаңа тетіктері іске қосылуда.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінде татуласу рәсімдеріне арнап арнайы «Татуласу рәсімдері» деп аталатын 17-тарау қарастырылған. Кодексте Татуласу рәсімінің үш түрі көзделген. Олар:
1) татуласу келісімі,
2) медиация келісімі (дауды, жанжалды) медиация тәртібімен реттеу),
3) партисипативтік келісім (дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу).
Татуласу рәсімдері дауласқан тараптарды бітімгершілікке шақырып, дауды келісіп шешуге, дауласушыларды татуластырып, олардың уақыттары мен қаражаттарын үнемдеуге бағытталған.
Сот дау бойынша тараптарды татуластыруға көмек көрсетуге міндетті.
Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін.
Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім -медиатордың (кәсіби немесе кәсіби емес) немесе сотта медиацияны судья өткізу арқылы жасалатын келісім.
Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім – екі тарап адвокаттарының, заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдардың дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасындағы келіссөздер жүргізу арқылы өткізілетін рәсім. Партисипативтік келісім судьяның қатысуынсыз жасалады.
Тараптар үшін дауды бітіммен аяқтаудың тиімділігіне адамның жүйкесі тозбайтынын, теріс эмоцияға берілмейтінін және денсаулығына нұқсан келмейтінін атауға болады. Тағы бір тиімділігі – уақыт үнемделеді. Сонымен қатар, туындаған дау азаматтық іс ретінде қаралып, соттың шешімі шығарылатын болса қарызбен бірге мемлекеттік баж төлеу, сот шығынын өтеу, заңгерді жалдау, жол шығыны, жеке сот орындаушылардың ақысы үнемделеді және тараптардың арасында сыйластық қарым-қатынас сақталады.
Өзара келісіммен, кешіріммен шешуге болатын істерді сотқа дейін жеткізу азаматтардың өзі үшін мүлде тиімсіз. Себебі, ұсақ-түйек келіспеушіліктердің бітімгершілікпен шешілуі, қиын істердің сапалы қаралуына ықпал етіп қана қоймай, сот барысында орын алатын моральдық және материалдық қиындықтардан құтқаруға себеп болатыны анық.
Қорыта келе, соттасып жатқаннан гөрі татуласудың тиімді екенін айтпақпыз.Көпке созылатын сот талқылауларына қатысып, уақытын жоғалтқаннан гөрі сотқа дейінгі татуласу тараптардың әуре-сарсаңға түспеуіне, уақытты үнемдеуіне және қорғаушы қызметіне төленетін, соның ішінде сотқа жүгінуге байланысты шығындарды үнемдеуіне, бастысы, тату қарым-қатынасты сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, қос тараптың татуласып, бітімгершілік арқылы ортақ мәмілеге келуі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі дәстүр екендігін, тараптарды татуластыру тиімді іс екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Бақытжан Мырзәліпов,
Шу аудандық сотының судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.