Ақпараттық портал

Экспортты қолдау мен өндірістерді кеңейтудің маңызы зор

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелері қаралды.

Шикізаттық емес экспорт көлемін арттыру – Қазақстан экономикасын әртараптандырудың негізгі факторларының бірі. Үкімет отырысында осы бағытта атқарылып жатқан шаралар туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндады.
2023 жылдың қорытындысына сәйкес, шикізаттық емес экспорт бойынша мақсатты көрсеткішке қол жеткізілді және 3 пайызға асыра орындалды. Экспорттық позициялардың саны 278-ге артты. 2019 жылдан бері тұрақты белсенді экспорттаушылар саны 300 компанияға: 460-тан 760-қа дейін өсті. Өткен жылы шикізаттық емес тауарлардың экспорт географиясы 135 елге дейін кеңейді. Азия елдеріне дайын өнімдерді жеткізу көлемі артты: Қытайға – 8 пайыз, Оңтүстік Кореяға – 26 пайыз, Вьетнамға – 46 пайыз. Сонымен қатар АӨК өңделген өнімдерін жеткізудің нақты көлемі: ұн 1,1 пайызға, күнбағыс майы 55,5 пайыздан астам, сусындар 42,8 пайызға өсті.
Сауда министрлігі экспортты одан әрі арттыру үшін негізгі бағыттарды анықтады. Ең алдымен, орта мерзімді перспективада Қытайға жіберілетін дайын өнім экспортын 2,5 есеге кеңейту және $12,5 млрд-қа дейін жеткізу мақсаты қойылды.
ЕАЭО және Орталық Азия елдерімен тауар айналымын арттыру бойынша күшейтілген жұмыс жалғасады. Ол үшін шекара маңындағы сауданың қажетті инфрақұрылымы құрылады.
Премьер-Министр Үкімет биыл жоғары көрсеткішті, яғни экспорт деңгейін 37,7 млрд долларға дейін қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңделген өнімдер мен қызметтер экспортының көлемі $41 млрд-қа дейін жетуі тиіс.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.