Өнерін өрге сүйреген ел өркендейді
Әлемге танылған әдебиетіміздің байлығын айтып тауыса алмай келеміз, ал сол байлықты лайықты пайдаланып, мәдениетімізді көтеруге ден қойсақ, бізден рухы биік, жан дүниесі бай халық болмайды ғаламда… Мәдениеті жоғары ұлтты қанша қарулы болса да, саны шексіз болса да ешбір мемлекет жаулай алмайды деседі. Сан ғасырлық тарихы бар көреген халқымыз жоңғарлармен, қалмақтармен егессе де, ашаршылық, қудалау көрсе де, кескілескен ұрысты, ұлт азаттық көтерілісті бастан өткерсе де жойылмай, ұланғайыр атыраптың егесі болып, әлемдік аренадан ойып тұрып орын алғаны, мақтаныш емей, немене?! Міне, соның барлығы әдебиетіміз бен мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтап, атадан балаға мирас етіп жалғастырып келе жатқанымыздың арқасы.
Тума таланттардың тал бесігі саналатын тәуелсіз елімізде мәдениеттің негізі сонау ықылым замандардан қаланған. Кешегі дархан даламызда ақ боз үйде сал-серілер, сыңғыр қаққан сылқымдар сырнайдай сайрап, әні мен сәнін келістіре жазира жерімізді жырға бөлеген жоқ па еді?! Тұңғыш Президент Н.Назарбаев “Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты болса, сол елдің еңсесі биік болады” – деп, ең бір бай да бірегей мәдениет – қазақ мәдениеті екендігін айтқан болатын. Шуақты Шу жерінен де небір өнер саңлақтары түлеп, мәдениет теңізіне телегей үлес қосып жатқанын айтып та, жазып та жүрміз.
Десе де, әсем безендірілген сахнада ән айтып, би билеу, сахналық қойылымдар қою бір қарағанда оңай жұмыс болып көрінгенімен, онда қаншама адамның маңдай тері, қолтаңбасы жатыр десеңізші! Демек, әр атқарылған істің артында білдей бір ұжымның еңбегі бар деген сөз. Мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, салт-дәстүрді және ұлттық өнерді насихаттап, жандандыру жұмыстарын жүргізіп, әртүрлі жанрлар бойынша байқаулар өткізіп, өнер шеберлерінің талантын шыңдауға үлес қосып жүрген аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолтаңбасы қалмайтын сала кемде-кем. Мәдениеті биік халық болғанымыздан болар, кез келген іс-шараны әуелеген әуенмен бір әу дегізбей аша алмайтынымыз тағы бар. Мәдениет саласының қызметкерлерінсіз ешбір жиын-тойдың сәні кірмейді десек, соған сай оларға құрмет көрсетпей қалатын кездеріміз жоқ деп айтуға болатындай.
Соның жарқын көрінісі, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні кәсіби мерекесін тойлап келе жатқанымыз. Өздеріңіз білетіндей, бұл мереке алғашында 1998 жылы белгіленіп, қыркүйектің соңғы жексенбісінде тойланса, 2013 жылы мереке күні 21 мамырға ауыстырылғаннан бері де ескерусіз қал-ған емес. Биылғы жылы да өзінің жарасымды жалғасын тауып отырғаны қуантады. Мәдениет және өнер қызметкерлері күнінің маңыздылығын асыра бағаламау мүмкін емес, өйткені бұл саланың өкілдері мәдени-тарихи құндылықтарды, патриотизмді, азаматтардың жалпы мәдени дамуын қалыптастыруда, дамытуда және сақтауда үлкен рөл атқарады. Бұл күні мәдениет пен өнер саласына қатысты барлық ұжымдар өздерінің кәсіби мерекелерін тойлайды.
Дәл сол күні аудандық мәдениет үйіне бас сұғып, өнер майталмандарының әр іске ыждаһаттылықпен, бар ынта-шынтасымен берілетінін аңғардық. Сұлулықты да, үйлесімділікті де, өнердің тұнығын да көрсете білетін сала мамандарының әр ісі бас шайқатпай қоймады. “Мал жұтайды, өнер жұтамайды” деп дана Абай айтпақшы, мәдениет үйіндегі үлкен дәлізден бастап сахна төріне дейін әсем безендірген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі бағалауға тұрарлық.
Талай игі-шаралар мәдениет саласының қызметкерлерінсіз өтпейтін болса, кәсіби мерекелерінің де сәнін келтірген өздері. “Ағаның алды ақ жайлау” демекші, қашанда ақыл-кеңесіне жүгініп, үлгі тұтып жүрер, өнердегі жол бастаушысы болып жүрген Әбдімомын Желдібаевтың бейнетаспаға түсірілген құттықтауымен ашылған салтанатты жиын көрермендерді тебірентпей қоймады. Мұнан кейін Шу халық театрының “Қазақ мәдениеті” атты қойылымы сахналанды. Актерлік шеберліктері тәнті ететін мәдениет қызметкерлері өз образдарын әсем сомдап, ерекше әсерге бөледі.
Шара барысында бірқатар мәдениет және өнер өкілдері Шу ауданы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен, Шу ауданының Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ “Amanat” партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сазды кеште Шу ауданының өнерпаздары есті әрі ескі әндерді әуелете шырқап, театрландырылған қойылымдарын ұсынып, сондай-ақ билерін паш еткен концерттік бағдарламаны көрермендерге тарту етті.
Айғаным Асқарбек.