Арнайы экономикалық аймақтың жұмысы жанданып келеді
Газетіміздің өткен санында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысының күн тәртібінде «Jibek Joly» АЭА-да атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәселе қаралып, жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Б.Бетбаев тиісті сала басшыларымен бірге зауыт жұмысын көзбен көріп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ауданымызбен байланыста жүзеге асатын жұмыстарға қатысты мәселелерді назарға алу үшін аталған өндіріс орнына арнайы жұмыс сапарын ұйымдастыруды жауапты тұлғаларға міндеттегенін жазған болатынбыз.
Осыған орай, сәрсенбі күні аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаевтың ұйымдастыруымен, бір топ жергілікті билік өкілдері «Jibek Joly» АЭА-на жұмыс сапарымен барып, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Атап айтар болсақ, жұмыс тобының құрамында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ж.Нұрғалиев, аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Н.Байназар, Шу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы М.Сәулебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев, бірқатар аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері болды.
Тасөткел ауылдық округі аумағында орналасқан өндіріс нысаны аудан жұртшылығына «Тараз химиялық паркі» АЭА атауымен белгілі. Алайда, белгілі себептерге байланысты ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 16 ақпандағы №95 қаулысымен «Тараз химиялық паркі» АЭА-ның атауы «Jibek Joly» АЭА БК» АҚ болып өзгертіліп, сол уақыттан бастап өндіріс орнының жұмыс бағыты да жаңа арнаға бет бұрған. Нақтырақ айтқанда, тұралап қалған өндіріс орнының жұмысын жандандыру мақсатында мұнда бірқатар тың өзгерістер орын алған. Бұл туралы өткен жылы басшылық тізгінді қолына алған «Jibek Joly» АЭА БК» АҚ басқармасының төрағасы Қ.К.Мұқамбетқалиев, «Хим плюс» ЖШС директорының өндіріс ісі жөніндегі орынбасары О.О.Оралғазы жан-жақты мәлімдеп, арнайы слайдпен толықтырылған баяндамалар жасады.
Сөз басында жалпы Шу ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан мекен болғандықтан, осы аудан аумағындағы көлемі 505 гектарды қамтитын «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының атауын «Jibek Joly» деп өзгерту жөнінде ұйғарым жасалғанын айтып өтті. Бүгінгі таңда инфрақұрылым, көлік-логистикалық құрылым жұмыстары бойынша айтарлықтай күрделі мәселе жоқ деп айтуға болады. Сондай-ақ,жоғарғы органдардың келісімімен қазіргі уақытта жер салығы, мүлік салығы, өндірілген өнімге салық, кеден салығы төленбейді. Мұны өндіріс ісін жандандыруға жасалған жеңілдік деп қарастырған жөн.
Мазмұнды баяндамадан соң, жиынға қатысушылар баяндамашыларға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды. Мұнан кейін, өндіріс істерін іс жүзінде көру үшін жұмыс тобы арнайы цехтарды аралап, практикалық жұмыс барысымен танысты.
Қазіргі уақытта өндіріс орнында қуаттылығы жылына 300 тонна болатын химиялық өнімдерді өндіру қолға алынған. Нақты айтқанда, «Chemical Engineering» ЖШС-де аммони бифториді, «Хим Плюс» ЖШС-де гербицид дайындау, «С9 Теhnologies» ЖШС-де қазіргі таңда өнімдерінің басым бөлігін Алматы, Тараз қалаларына жөнелтіп отырған қауырсын өнімдері, этикет ленталары мен кассалық аппарат ленталарын, «Бірлік құрылыс-жөндеу» ЖШС-де екі түрлі көлемдегі қап пен кендір жіп дайындау іске асуда.
Гербицид егістік алқабын арамшөптен арылтуға арналған. Сонымен қатар, дайындалған гербицид осы жерден дайындалған қауырсын бөтелкеге құйылады. Өзге де метал емес өнімдерді өндіру және химиялық өндіріске арналған машиналар мен жабдықтар өндірісі осы арнайы экономикалық аймақтың басты мақсаты.
Аммони бифторидін өндіру жаңадан қолға алынғандықтан, қай жақтан сұраныс болса, сол жаққа жөнелту көзделген. Бұл бойынша ағымдағы жылдың қаңтар айында қайта құрылымдау жұмыстары жүзеге асырылып, наурыз айында нақты өндіріс ісі жолға қойылған. Жұмысшылардың денсаулығына да аса көңіл бөлініп, табиғи таза өніммен тамақтану, арнайы киіммен қамтылып, уақытылы дезинфекция жүргізу жүзеге асырылады. Бір айта кетерлігі, бұл жерде кез келген қарапайым адамның жұмыс жасауы қиындау. Сол себептен, химиялық-органикалық заттармен жұмыс жасайтын, арнайы оқыған маман немесе өндіріс орнында еңбек еткен, тәжірибелі адамдар жұмысқа қабылданады. Қазіргі таңда мұнда Тараз қаласынан келген азаматтар мен жергілікті тұрғындар да еңбек етуде. Жаңадан жұмысқа қабылданғандар арасынан жұмысты алып кететін адамдар іріктеліп, өзара тәжірибе алмасып, бір-бірінен үйреніп кетіп жатқандар да бар көрінеді.
Осы тұста №10 Шу колледжінің директоры Т.Мұсаева өнідіріс орны басшылығынан өндіріске қажетті мамандықтар бойынша сұрап, алдағы уақытта колледж түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Ал, күніне 5000 дана шығарылатын қапты өткізу бойынша қажетті орындармен келісім жасау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта мұны Алматы облысына жөнелтуде. Өндіріс орны басшысының мәлімдеуінше, Шу ауданының кәсіпкерлері өз өңірімізде осындай қаптың шығарылып жатқандығынан әлі хабарсыз. Сондықтан алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлермен өзара келісімді жүзеге асыру жоспарланған. Сол секілді осы жерде өндіріліп жатқан қағаз этикеттер мен кассалық ленталарды жергілікті сауда орындарына өткізу жүзеге асырылған. Ауданымыздағы бірқатар дүкендер осы өндіріс орнының кассалық ленталарын пайдаланып жүрген көрінеді.
Жалпы, «Jibek Joly» АЭА-ның тыныс-тіршілігімен танысу барысында жергілікті билік өкілдері өндіріс орнының жұмысы қайта жанданып келе жатқандығына көз жеткізіп, алдағы уақытта бірлесіп жүзеге асыратын жұмыстарды бақылауға алып, өзара келісімге келді.
Динара Батырхаирова.