Ақпараттық портал

Қоқыс шығару келісімшарт арқылы жүзеге асады

Қай өңірде болмасын коммуналдық қызмет тұрғындар үшін маңызды қызмет болып табылады. Осы саланың бағыттарының бірі – тұрмыстық қалдықтардың арнайы қоқыс полигондарына уақытылы жөнелтілуі. Шындығында, осыдан бірнеше жыл бұрын ауданымызда жеке тұрғын үй иелері үшін мұндай қызмет жоқтың-қасы болатын. Өйткені, коммуналды шаруашылық ісімен айналысатын мекемелер көп қабатты үйлердің, мемлекеттік және кейбір жеке меншікті мекемелердің маңындағы қоқыс жәшіктеріне жиналған тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысып келді.

Алайда, уақыт көрсеткендей, бұл жалпы аудан тазалығы үшін тиімсіздігін аңғартып, әсіресе Шу қаласы мен Төле би ауылының іші бей-берекет қоқыс ордасына айналды. Мұның жолын бөгеу мақсатында кейін жергілікті билік өкілдерінің ықпалымен жалпы аудан тұрғындарының тиісті мекемелермен келісімшартқа отырып, күнделікті тұрмыстық қалдықтарды арнайы полигонға жөнелтуі жөнінде бастама қолға алынды. Болмашы тиын-тебен үшін алғашында бірқатар тұрғындар «Бізден тұрмыстық қалдықтар шықпайды, жиналған қоқысты өртеп жібереміз» деген сынды сан түрлі сылтау айтып, келісімшартқа отырудан бас тартқанымен, кейін ақылы қызметке қосылушылардың қатары арта бастады. Осылайша, жеке жер үйлердегі, әсіресе Шу қаласының көптеген қарапайым тұрғындары өз еріктерімен «Шу Сервис» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, айына екі рет күнделікті жиналған қоқыс қалдықтарын қаппен жөнелтіп отырды.
Жүйелі жұмыс жүргізіп отырған бұл мекеме жуырда тұрғындарға мамыр айында қалыпты кесте бойынша тұр-мыстық қалдықтарды алып кетуді тоқтататындығын және дәл осы жұмысты «Грин Сити-7» ЖШС жалғастыратынын жеткізді. Нақты айтар болсақ, келімішартқа отырған тұрғындар чатына «Шу Сервис» ЖШС өкілдері тарапынан 2024 жылдың 10-мамырынан аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің ауызша шешімімен Шу қаласындағы жеке секторлар мен көпқабатты үйлерге қатысты тазалық жұмыстарын жүзеге асыру және қапқа жиналған тұрмыстық қалдықтарды арнайы қоқыс алаңына шығару «Грин Сити-7» ЖШС-не өткендігі жөнінде хабарлама келеді.
Осындай ақпараттан соң, өзім де сол көпшілікпен бірге бекітілген кесте бойынша 15 мамыр күні қапқа жиналған тұрмыстық қалдықтарды аула сыртына шығарып, жаңа серіктестік бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып кетеді деген үмітпен көп болып күттік. Алайда, арнайы мекеме қызметкерлері бұл күні келмеді. «Шу Сервис» ЖШС-нің жауапты қызметкерлері чатқа жіберген «Грин Сити-7» ЖШС-нің телефон нөмеріне хабарласқанымызда серіктестік өкілі тұрғындар әуелі өздерімен жаңа келісімшартқа отыру қажеттігін мәлімдеді. Осылайша, бұл күні қапқа жиналған қалдықты қайтадан қора-жайымызға қоя тұруға мәжбүр болдық. Абыр-сабырға түскен тұрғындар да мұның ертерек ескертілмегендігіне реніштерін танытты.
Сол себептен, Шу ауданының халқымен жұмыс бастағанына көп уақыт өте қоймаған «Грин Сити-7» ЖШС-нің өкілдеріне дәл осы күні хабарласып, нақты мағлұмат беруін өтіндік.
Өзін осы серіктестіктің басшысымын деп таныстырған Асат Назгүл Бекболатқызы мән-жайды түсіндірді.
– Біріншіден, көпшіліктің аузынан бізді Шымкент қаласынан келген, сырттың адамдары деген желеу сөз естіп жүрмін. Сол себептен, жергілікті тұрғындарға өзімнің Шу ауданы, Төле би ауылының тумасы екендігімді, осы жақта тұрып жатқандығымды, Шу ауданындағы жұмысымызды ресми түрде өткен жылғы 19 қарашадан бастағандығымызды айтқым келеді. Шын мәнінде біз Шымкент қаласында, Алматы облысында осы бағытта тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыс жасадық. Тазалық, қаланы гүлдендіру жұмыстарымен айналыстық. Бірақ бұл жоғарыдағыдай, сол жақтан келген, ауданды мүлдем білмейтін адам деген ойды білдірмейді. Сол жақта жинаған жұмыс тәжірибемді өзімнің туған өңірімнің пайдасына жаратуға бел будым.
Қазіргі таңда Төле би, Алға, Қонаев, Бірлік ауылдары, Шу қаласының «Тоғай», «Қант зауыты» мөлтек аудандарының, Ғ.Мұратбаев, Желтоқсан, Мәңгілік ел, Қ.Сәтбаев, өзге де бірнеше көшелердің тұрғындарына 2024 жылдың ақпан айынан қызмет көрсетіп келеміз. Өйткені, бұл тұрғындар біздің серіктестікпен келісімшартқа отырған. Алдағы уақытта көше аралап, халықпен келісімшарт жасасу жұмыстары жалғасады. Біздің алдымызда жергілікті халықпен дәл осы жұмысты жүзеге асырған, 2024 жылы «Тұмар Голд» болып атауы өзгертілген «Шу Сервис» ЖШС-нен жекелеген азаматтар бойынша ешқандай мәлімет алмадық. Сол себептен, тұрғындар біздің серіктестікпен жаңа келісімшартқа отыруы қажет. Бұл тұста менің көмекшілерім келісімшарт бойынша түсіндіріп, арнайы чат ашып, сол чатта жұмыс барысы жайлы толық ақпарат беріп отырады. Келісімшартқа отыруды көше аралау барысында да жүзеге асыруға болады. Ал, «Шу Сервис» ЖШС-де қаламыз деген тұрғындар болса, ол да өз еркінде,-дейді «Грин Сити-7» ЖШС басшысы.
Қазіргі уақытта аталмыш серіктестікте 4 көлік жүргізуші, 8 жұмысшы, 2 бақылаушы, өзге де жұмысшылар бар. Қызмет құны әр тұтынушыға айына 1500 теңге және тұрмыстық қалдықтарды аптасына бір рет алып кетеді. Бір уақытта бір үйден 3-4 қапқа дейін шығаруға мүмкіндік бар. Ал, көп қабатты үйлерден жиналған тұрмыстық қалдықты бір аптада екі рет алып тұру жолға қойылған.
Өзі тұрып жатқан үйінің маңында тазалықтың сақталуына немқұрайды қарамайтын, кез келген саналы азамат тиісті мекемелермен келісімшартқа отырып, өз ортамыздың қоқыс алаңына айналмауына үлес қосады деп сенеміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.