Ақпараттық портал

Қыз тәрбиесіне қырын қарамауға үндеді

Мемлекетті өркендетудің, елді алға жылжытудың, қоғамды гүлдендірудің бірден-бір қозғаушы күші отбасынан, тегінде әке мен ананың тәрбиесінен басталады. “Отан отбасынан басталады” деуіміздің де сыры сонда. Тіпті, отбасы-шағын мемлекет деп те жатамыз. Халқымыз ықылым заманнан-ақ, отбасында әке мен ананың рөлін, негізгі міндетін шегелеп берген. Міне сол ауыр жүктің салмағын сезінген текті ұлтымыз ұрпақ тәрбиесіне қырын қарамаған. Неге екені белгісіз, бүгінгі күні тәрбиенің тізгінін босаңсытып алғандаймыз, әсіресе бала тәрбиесінде ұзын арқан, кең тұсауға жол беріп қойдық. Соның салдарынан болса керек, соңғы кезде ұлттық тәрбие мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Өткізіліп жатқан іс-шаралардың басым бөлігі де тәрбиемен сабақтасуда.

Сондай игі шаралардың бірі Шу ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен, 12 мамыр – Аналар күніне орай, Оқушылар сарайында өтті. “Ақ жаулықпен орап алтын басыңды” деп аталған форумға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, ұлт жанашыры, “Батыр шапағаты” төсбелгісінің иегері, батыр ана Шымшық Мадалиева, талай игі істерге ұйытқы болып жүрген рухани ұстаз Құралай Жарбол, аудандық аналар алқасының төрайымы Айжан Иманова, аналар алқасының мүшелері, жалпы білім беру мекемелерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, 9-11 сыныптың қыздары қатысты.
Форумның шымылдығы Ә.Еспаев атындағы саз мектебі оқушыларының “Ана” атты хорымен түріліп, қазақ әйелдерінің жиынтық образын көркем бейнелейтін Қадыр Мырза Әлінің “Қазақ әйелі” өлеңі арқылы жасалған қойылыммен тәрбиелік мазмұны ашыла түсті. Игі шарада аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы сөз тізгінін алып, қазақ қоғамындағы аналардың рөліне тоқталды. Мұнан кейін Шымшық Мадалиева, Құралай Жарбол, Айжан Иманова аналарымыз сахна төріндегі президиумға жайғасты.
Қазақ қашанда үлгісіз ұлт болған емес. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ. Қазіргі таңда да көптеген қазақ әйелдері сол ұлағатты үрдісті үздіксіз жалғастырып келеді. Бүтіндей бір руға сөзі өтімді болған, рухы биік, адуынды аналарымыздың жалғасындай болған үш анамыз қаракөздерімізге өмірден көрген-түйген өсиеттерін айтып, ақыл-кеңестерін берді. “Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле” демекші, бүтіндей ұлттың сақталуы қыз балаға байланысты екендігін санаға сіңірген кеште қаракөздеріміз де толғандырған сұрақтарын ортаға тастады. Абыз аналарымыз ұтымды жауаптарын беріп, форум әсерлі өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы Ахметжан Қосахов төрдегі үш анамыздың елге сіңіріп жүрген еселі еңбектерін тілге тиек етіп, тағылымы мол кештен алған әсерімен бөлісті. Форум соңында Техникалық шығармашылық орталықтың тәрбиеленушілері өз қолдарымен дайындаған тоқыма гүлдерін аналарымызға тарту етті. Сондай-ақ, ақ жаулықты әжелерімізге Алғыс хат табыс етілді.
Айналып келгенде қыз бала тәрбиесінде бірден-бір жауапты адам – анасы. Соны ескерген халқымыз “Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал” деп текке айтпаған.
Хас батырымыз Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр әрі ардақты. Ол-адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата- ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын-қаламасын, бұл — өмір заңы» деген болатын. Шын мәнінде қыз тәрбиесі бүтіндей бір ұлттың тәрбиесі, қыз бұзылса, ұлт бұзылады. Қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалмас үшін, бұрымдыларымыз бұзылмас үшін әр отбасындағы анадан бастап ұлт болып қаракөздерімізді қадағалауымыз қажет.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.