Ақпараттық портал

Оқу жылы қарсаңындағы жәрмеңке

Еліміз егемендік алған күннен бастап халық санын көбейту, қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру-мемлекеттің басты міндеті саналады. Тарыдай шашылып, жойылып кетуге шақ қалған қазағымның бүгінде әр шаңырағында кемі 3-4 баладан өсіріп отыр. Ал, сол көпбалалы отбасылардың барлығы дерлік баршылықта өмір сүріп жатқан жоқ. Сондықтан да мемлекеттің тағы бір басты міндеті-аз қамтылған отбасыларды қолдау. Соның жарқын бір дәлелі, “Мектепке жол” жалпы республикалық акциясын дәстүрлі түрде өткізіп, көпбалалы отбасыларды материалдық тұрғыда қолдау.
Осыған орай, таяуда орталық базарда орналасқан “Көктем”, “Глобус” сауда үйлерінде төмендетілген бағада мектеп жәрмеңкесі өтті. Яғни мектепке қажетті құрал-жарақтар мен мектеп формасы қолжетімді бағада сатылды. Мәселен, “Глобус” сауда дүңгіршегінде оқушыға ең қажетті оқу құралы-дәптер арзан бағада, яғни 22-24 теңгеден сатылса, сол секілді басқа да құрал-саймандар көтерме бағамен сатылуда.
Жәрмеңкенің алғашқы күні аудандағы мектептердің тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен әлеуметтік педагогтар ата-аналарға бағыт-бағдар сілтеп, мектепке қажетті заттарды тиімді бағада алуына жол көрсетті. Сондай-ақ, білім бөлімінің әдіскері Майра Булекбаева да жәрмеңкенің басы-қасында болып, келген ата-аналарға алдағы уақытта да мектеп жәрмеңкесінің осылай жалғасын табуына аудандық білім бөлімі тарапынан ұйытқы болатынын жеткізді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.