Ақпараттық портал

Жас жүрген жер – мереке

Жастар кез келген елдің ертеңгі иелері. Тарихқа үңіле отырып, бүкіл өзгерістер жастардың қолымен жасалғанын аңғарамыз. Сондықтан оларға зор жауапкершілік жүктеліп, үлкендер тарапынан ақыл-кеңестер айтылып отырған. Мұны мемлекет басшылығы да жете түсініп, тиісті қолдауларды көрсетіп келеді.

12 тамызда – Халықаралық жастар күні тойланатынынан көпшілік құлағдар. Осыған орай, жуырда Шу қаласындағы Теміржолшылар саябағында мерекелік шара өтті. Аталған шараны аудандық және қалалық жастар ресурстық орталығы жыл сайынғы дәстүрмен бірлесіп өткізіп отыр. Думанды кеште аудан әкімі Б.Жәнібеков, мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Жазықбаева жастардың ортасынан табылып, елдің ертеңгі тұтқаларына тілеулестік білдірді.
Жиналғандар қарасы қалың болған шарада ұлттық спортқа орын беріліп, көрермендер арасынан ләңгі тебу жарысы өткізілді. Оған қызығушылық танытқан жандар аз болмады. Сондай-ақ білектіні анықтайтын “Тартыл Fest” бойтемірге тартылу сайысы да кештің көркін ашты. Жігіттер көптің қолдауымен көбірек тартылуға тырысып жатты.
Мұнан кейін жастардың сүйікті ойыны Жайдарман ойындары түндігін түріп, көрермен қауымға күлкі сыйлады. Қазылар алқасының бағалауымен тиісті командалар жеңіске жетіп, бағалы сыйлықтарға ие болды. Командалар әзіл сайысы барысында күлдіре отырып, көрерменге ой сала білді.
Жарыс қорытындысына сәйкес 3-орынды Байзақ ауданынан «А казаки» командасы, 2-орынды Меркі ауданынан «Меркурий» командасы, 1-орынды Шу ауданынан Ғ.Мұратбаев мектебінің оқушыларынан құралған «Көңілді жігіттер» командасы иеленді. Жеңіске жеткен командаларға ақшалай сыйлықтар мен кубоктар табысталды. Сондай-ақ күш сынынан топ жарған жастар да өздеріне тиесілі сый-сияпаттарды алды.
Шара барысында аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы мінберге көтеріліп, өңірдің үздік жастарына өзінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті.
-Өңіріміздегі қос ресурстық орталық аудан жастарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, алуан бағыттағы спорттық, мәдени, танымдық, қайырымдылық шараларға тартуда. Өткізіліп жатқан іс-шаралардың мазмұны да жоғары екенін байқаймыз.
Қазіргі таңда өңір тұрғындарының 29,3 пайызын жастар құрап отыр. Бұл дегеніміз Шу өңіріңде 31 мыңнан аса жас бар деген сөз. Олар мемлекеттік қызмет, темір жол, білім мен медицина, құқық қорғау органдары, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында жемісті жұмыс істеп жүр.
Біз жергілікті атқарушы орган ретінде жастарға жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу, тың бастамаларын қолдау жұмыстарын жалғастыра береміз. Сондай-ақ спортпен шұғылдануына, бос уақытын тиімді өткізуге бар мүмкіндікті жасайтын боламыз,-деді аудан әкімі.
Көңілді нотада жалғасқан кешті Жылқышы бала лақап атымен танылған Береке Мұрат, ел жастарын «Ертегім» әнімен елітіп жүрген Нұртуған Қазиев пен ерекше стильде ән айтатын һәм жайдарманшы Есқара Бейбітов әрмен қарай әрлі етті. Оларға өз өңіріміздің өнерпаздары қосылып, түнгі шаһардың шырайын келтірді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.