Семинар – сауатты жұмыстың басы
Қазақстан халқы қазан айының 6-сы күні тағдыршешті таңдауын жасамақ. Нақты айтқанда, елімізде Атом электр станциясын салу жөнінде жұртшылық үніне құлақ түру мақсатында Президент пәрменімен Заңға сәйкес оны ұйымдастыру ісі сайлау комиссияларына жүктеледі. Осыған орай еліміздің әр тарапында әзірлік жұмыстары қызу жүргізілуде.
Сәрсенбінің сәтінде аудандық Мәдениет үйінде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының «Республикалық референдумды даярлау мен өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері» тақырыбында аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған оқыту-семинары өткізілді. Оған жергілікті атқарушы билік өкілдері мен құқық қорғау органдары, өзге де мүдделі мекеме өкілдері қатысты.
Оқыту-семинары басталмас бұрын 300-ден аса шулық референдум және сайлау туралы білімдерін пысықтап алу мақсатында тест тапсырды. Мұнан кейін төралқа мүшелерін жиынның мазмұн-мақсатымен таныстырып өтті.
Одан соң семинар жоспарына сәйкес Жамбыл облыстық референдум комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов «Республикалық референдум өткізудің принциптері туралы» ақпаратымен басқосуды бастап берсе, орынбасары Талғат Жамалов «Референдум құжаттарын толтыру тәртібі туралы» тереңірек тоқталды.
Сондай-ақ облыстық референдум комиссиясының мүшесі Мерей Амангелді «Референдумды өткізуде даярлық барысын ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету» және «Онлайн-платформалар мен әлеуметтік желінің қолданысы» жөнінде түсіндіріп өтті.
Әдетте әрбір науқанда азаматтардың тізімге енуі, қажетті ақпаратпен жұртшылықты хабардар ету аса маңызды. Бұл туралы Шу аудандық референдум комиссиясының төрағасы Азамат Ошанов сөз алып, аудиторияға «Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімі, оларды тізімге енгізу және таныстыру тәртібі» мен «Сайлаушыларды Республикалық Референдум туралы хабардар ету алгоритмі» туралы баяндап берді.
Күн ұзаққа созылған семинарда ОРК мүшелері Мейіржан Сембеков, Еркін Жапаров маңызды мәліметтермен бөлісіп, туындаған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар жоғарыда аталған спикерлер мінбеге бірнеше рет көтеріліп, көпшілікке керекті мағлұмат бергенін айта кеткен жөн.
Теория мен практика ұштасқанда ғана алынған білім пайдасын тигізеді. Осыны ескерген ОРК учаскелік комиссия төрағаларымен ситуациялық ойын ұйымдастырды. Оны Талғат Салқанұлы жүргізіп, ықтимал жағдай туындағандағы тиісті әрекеттерді ойын жүзінде түсіндірді.
Семинар соңында жауапты өкіл Алмас Аппазов сөз алып, соңыра алынатын тест туралы тоқталды. Осылайша берілген уақыт ішінде учаскелік референдум комиссиялары мүшелері семинардан алған білімдерін тест жүзінде қайыра паш етті. 8 сағатқа созылған оқыту-семинары мәресі қатысушыларға сертификат табыстау рәсімімен қорытындыланды.
-Көпшілікке мәлім болғандай Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №636 Жарлығымен 2024 жылдың 6 қазанына республикалық референдумды өткізу тағайындалды. Осыған орай, Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен Тараз қаласы мен аудандарда ағымдағы жылдың 9-23 қыркүйек күндері аралығында аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған семинар-тренинг өткізілуде. Мұндай маңызды мәжіліс Шу ауданында да өтіп, көптеген сұрақтарға жауап берілді,-дейді Жамбыл облыстық референдум комиссиясының төрағасының орынбасары Т.Жамалов.
Шу аудандық референдум комиссиясы ұсынған ақпарға сәйкес, өңірде 44 референдум комиссиясы бар. Онда 302 мүше өз қызметін жүзеге асыруда. Аудандық комиссия тиісті Жарлық шыққан сәттен бастап тыңғылықты дайындық жүргізіліп, әдістемелік көмектер ұсынылып жатқанын тілге тиек етуде.
Аружан РЫМҚҰЛ,
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің
журналистика мамандығының
2 курс студенті.