Ақпараттық портал

Халықтың мұңы – жарықтың «жыры»

Бейсенбі күні «Аманат» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті жиыны өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, қоғамдық кеңес мүшелері, жекелеген аудандық мәслихат депутаттары, әкімдік бөлімдері мен мекеме басшылары, Шу қаласы мен ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынға төрағалық еткен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев көпшілікті күн тәртібімен және жұмыс регламентімен таныстырды. Кеңес отырысының күн тәртібінде «Ауданның елді мекендерін электр қуатымен қамту», «Аудан аумағында «Компания А&Т Энерго» ЖШС-нің атқарып жатқан жұмыстары туралы» және «2023 жыл мен 2024 жылдың жарты жылдығында әкімдікпен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша атқарылған жұмыстар туралы» негізгі үш мәселе қаралды. Аталған алғашқы екі мәселе бойынша Шу аудандық жылу электр қуатын тарату жүйесі мекемесінің басшысы Д.С.Рахымқұлов пен «Компания А&Т Энерго» ЖШС директоры А.С.Таласбаев хабарлама жасаса, соңғы мәселе бойынша Шу қаласының әкімі Е.Б.Нұралиев есеп берді.
Хабарламашы Д.С.Рахымқұлов өзінің жергілікті жылу электр қуатын тарату жүйесі мекемесінің басшысы болып тағайындалғанына көп уақыт бола коймағандығын айта келіп, мекеменің жұмыс барысы жайлы баяндап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда туындаған проблемалар мен келешектегі жоспарлар жайын да назардан тыс қалдырмады. Қысқаша мәлімдемеден соң, хабарламашыға жиынға қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Алайда, Д.С.Рахымқұлов көптеген сұрақтардың жауабын ашық айта алмайтынын, сұрақ қоюшылар хат арқылы шыққан соң ғана, жоғарғы басшылық өкілдерінің рұқсатымен ресми түрде жауап беретінін жеткізді. Мұндай жауапқа қанағаттанбаған жергілікті билік өкілдері мен депутаттар жеке меншікті мекеме болса да жергілікті халықтың ақшасын алып отырғандықтан, халыққа қамқорлық жасау қажеттігін жеткізді. Өйткені, қарапайым халықтың бұл мекемеге базыналары көп. Жарықтың жиі өшетіндігі, бағандардың ескіргендігі, электр қуатының әлсіздігі, электр желілерінің басым бөлігі тозғандықтан, сәл ғана қолайсыз ауа райы туындаған сәтте жарықтың бірден өшетіндігі, ал мұндай жағдайдың басқаны былай қойғанда өмір мен өлім арасында күресетін ақ халаттылардың жұмысына, әсіресе түрлі операциялар кезінде жалпы аурухана қызметіне кері әсерін тигізетіндігі айтылды.
Сондай-ақ, Ерболат Досымбаев қордаланған мәселені тиімді шешу үшін жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп жұмыс жасаудың маңыздылығын айтса, қандай басшының қай уақытта тағайындалғандығы емес, жұмыстың жүйелілігі маңызды екендігін айтқан депутат Мақсат Лесханұлы Д.С.Рахымқұловтың жақын күндерде халықтан түскен қаражаттың қайда жұмсалып жатқандығы жайында және қандай басшы болса да халықтың сұрауын орындау керектігін ескеріп, осы қыркүйек айының ішінде электр қуатын тарату жүйесі мекемесінің жұмысына қатысты облыстық басқармадан басшылық өкілді ауданға шақыртып, атқарылған жұмыстар, оның ішінде қаржылық есеп бойынша нақты мәлімет беруі жөнінде ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев көтерілген мәселе уақытылы шешімін таппайтын болса, жаппай қарсылық таныту арқылы мекемені жеке меншіктен мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тоқтамға келу керектігін алға тартты. Бұл ойды өзге де жиынға қатысушылар қолдап, ортақ шешімге келу қажеттігіне тоқталды.
Келесі кезекте күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Компания А&Т Энерго» ЖШС директоры А.С.Таласбаев мәлімдеді. Аталмыш серіктестік 2006 жылы құрылған. Негізгі қызметі – электр энергиясын өндіру және сату. А.С.Таласбаевтың мәлімдеуінше, серіктестік 2013 жылы Шу өзеніндегі Тасөткел су қоймасының арнасында қуаты 9.2 МВт Тасөткел су электр станциясын салып, пайдалануға берген. 2021 жылдың қаңтарында ол куаттылығы 4,6 МВт/сағ, 9.2 МВт/сағатқа дейін ұлғайтумен екінші Тасөткел СЭС-2-ні салып, іске қосқан. Хабарламашы өз сөзінде тариф көлемі, алдағы жоспарлар, жүзеге асырылып жатқан кұрылыс жұмыстары мен олардың аяқталу мерзімі, ағымдағы операциялык қызметпен қатар жүзеге асырылатын стратегиялық бағыттағы бағдарламалар мен жобалар жөнінде айтып өтті. Осы және өзге де маңызды істер бойынша мәлімдеген хабарламашыға сұрақтарын қойған жиынға қатысушылар серіктестіктің ауданға тіркелмегендігін сынға алып, көп ұзамай тіркеу жұмыстарын жүзеге асырып, келесі жылдан бастап салықты аудан қазынасына төлеп, жергілікті халыққа қарайласуды қолға алуды міндеттеді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Шу қаласының әкімі Е.Б.Нұралиев есеп берді. Есепті баяндаманы жиынға қатысушылармен қатар ҚР мемлекеттік кызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Г.Сейдуалиева «Zoom» платформасы арқылы тындап, есеп берушіге өзіне өзі қызмет көрсету секторы арқылы соңғы екі жылда халыққа қанша кызмет көрсетілгендігі, халыққа көрсетілетін қызмет бойынша БАҚ-на қанша материал жарияланғандығы жөнінде және мемлекеттік қызметке катысты өзге де бірқатар сұрақтарын койып, тиісті жауаптар алды. Сонымен қатар. Е.Нұралиевке жергілікті жиынға қатысушылар тарапынан да ұсыныстар айтылды.
Жалпы, жиын барысында күн тәртібіне енгізілген мәселелер толық қаралып, талқыланып, тиісті ұсынымдар қабылданды.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.