Ақпараттық портал

Жүйелі жоспар – өркендеудің кепілі

Ауыз су мәселесі ешқашан өміршеңдігін жоймайтын, қоғаммен бірге жасай беретін мәнді мәселе болып қала бермек. Сол себептен, ауыз суға қатысты атқарылатын жұмыстар да күн тәртібінен түспей, жаңашылдықпен бірге жалғасады. Оған еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы халықты сапалы ауыз сумен қамтуға байланысты қолданысқа енгізілген бірнеше мемлекеттік бағдарламалар дәлел. Солардың іске асырылуы нәтижесінде көптеген елді мекендерге су мұнарасы орнатылып, тұрғындар сапалы судың игілігін көріп келеді. Алайда, барлық мәселенің шешімі бірден табыла қоймайтыны анық. Түптеп келгенде бұл қаржылық қолдауға байланысты. Сол себептен, біздің ауданымыздағы ауыз суға қатысты шешімін табуды қажет ететін мәселелер кезегімен түйінін тарқатып келеді. Бұл туралы газетіміздің осы жылғы сандарында бірнеше рет мақалалар жарияланған болатын. Бұл жолы біз «Ауыз су-Шу» мекемесінің басшысы Наурызбаев Асқар Қайратұлымен соңғы уақытта халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы тың жоспарлар жөнінде жасалған сұхбатымызды назарға ұсынып отырмыз.

-Асқар Қайратұлы, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің бағдары неден бастау алады?
-Жалпы, бұл саланың жұмысы үкіметтің 2025 жылға дейін барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда көптеген елді мекендердегі кеңестік кезеңнен қалған су құбырларының ескіргендігінен оның жарамсыз күйге түскендігі, өткен ғасырдан келе жатқан бұл құбырлардың тозатын уақытының жеткендігі де әмбеген аян. Мысалы, тиісті құжаттар бойынша Шу қаласында 1962 жылы, Шоқпар ауылында 1975 жылы салынған құбырлар әлі күнге дейін жаңартылмаған. Сол себептен, бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңмен қолға алынуда.
-Осы тұрғыда атқарылған нақты істер жөнінде айтып өтсеңіз.
-Бұл тұста Шу қаласы бойынша 227 шақырым 138 метрді құрайтын су құбырларының реконструкциялық жұмыстарына 6 млрд, 565 млн теңгеге жобалық-сметалық құжат жасалды. Алдағы уақытта сараптамаға ұсынылып, жыл соңына дейін нақты сомасы шығарылмақ.
Кәріз жүйесі бойынша айтар болсақ, 121 шақырым 709 метрді құрайтын кәріз жүйесіне 15 млрд 973 млн теңгеге жобалық-сметалық құжат жасалып, мұнда да сараптамадан соң нақты сомасы бекітіліп, әрі қарайғы жұмыс қаражаттың бөлінуімен байланысты жалғасатын болады.
Шу қаласындағы 1989 жылы соғылып, «Сасықкөл» деп аталып кеткен полифильтрацияның реконструкциялық жұмысына да жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамаға ұсынылып, Құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне жолданып, қолдау тапты. Енді, тиісті қаражат бөлінсе, полифильтрация қала сыртына яғни, айналма жолдың арғы жағына шығарылып, кәріз тазарту қондырғысы орнатылатын болады. Бұл іске қатысты Жамбыл облысы бойынша біздің Шу қаласының жобасы алғашқы болып қолдау тауып отырғандығын да айта кеткен жөн. Яғни, су сүзгіден өтіп, тазартылып, лас бөлігі тоғанға ағып кететін болады.
-Аудан халқының басым бөлігі орталықтандырылған су жүйесіне қосылғанымен, сапалы суға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай келе жатқан елді мекендер бары жасырын емес. Оларды сапалы сумен қамту жұмыстарының жүзеге асырылу деңгейі қандай?
-Бүгінгі таңда аудандағы 19 ауылдық округке қарасты 35 елді мекен болса, соның 29-ы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Қалған Көктөбе, Сауытбек, Жайсан, Тасөткел, Жиенбет, Еңбек, Шоқпар сынды ауылдар бұл жүйеге қосылмаған. Алайда, бұл елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, алдағы қазан-қараша айларында Көктөбе ауылына тиісті қаражат бөлінбек. Ал, Сауытбек ауылының жұмысымен айналысуды қолға алған мердігер жосықсыз деп танылғандықтан, арадағы келісімшарт бұзылды. Жуық арада басқа мердігер ұйымды анықтау мәселесі де қолға алынбақ. Дегенмен, бұл мәселе биыл шешімін табады деп сенімді түрде айтуға әлі ертерек. Жайсан мен Тасөткел ауылдарындағы құрылыс жұмыстары сапалы түрде жүргізіліп жатқандықтан, алдағы қараша айының соңына дейін жұмыс аяқталып, тұрғындар су құбырына қосылады деген үміт бар.
Жиенбет пен Еңбек елді мекендеріне қатысты айтар болсақ, екі мердігер ұйымның арасындағы дау-дамайға байланысты іс сотта қаралып жатқандығынан жергілікті жұртшылық өкілдері хабардар деп білеміз. Сол себептен, осы жылда бұл ауылдарға қатысты ауыз толтырып айтарлықтай игі іс те жоқ деп айтуға болады. Шоқпар стансасындағы су құбырларының құрылысына бір жарым миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалғанымен, бұл бағыттағы жұмыс әзірге тоқтап тұр. Өйткені, бұл таулы елді мекен болғандықтан, қазу жұмыстары да күрделірек. Жұмыс күрделі болған соң, қаражат көлемі де жоғары. Сол себептен, мұндағы жұмыс келесі жылдардың еншісіне қалуда.
-Ауданымызға қарасты ауылдық округтер құрамына кіретін стансалардың тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту деңгейі қандай?
-Шағын елді мекен болғанымен, ол да айтарлықтай қаражат көлемін қажет етеді. Мұндай елді мекендерге қаражат бөлу тиімсіздігін көрсетуде. Өйткені, жобалық-сметалық құжат бойынша бір шағын елді мекенге шығындалатын сома 500-600 миллионнан кем түспейді. Сол себептен, алдыңғы жылы Құлақшын және Алайғыр стансаларына, Көкжиек елді мекеніне контейнерлі модульді блок орнатылды. Оның артықшылығы жер астынан ұңғыма арқылы алып отырған суды тазартып, сапалы ауыз су ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда контейнерлі модульді блок арқылы тазартылған суды аталған елді мекен тұрғындары шағымсыз пайдаланып отыр.
Енді осы жыл соңына дейін Жиделі, Аспара стансалары мен құрылыс жұмыстарын жүргізудің ауылы әлі алыс болғандықтан Шоқпар ауылына да осындай блок орнату жоспарда бар.
-Ауыз су мәселесіне байланысты тұрғындар тарапынан жиі айтылатын шағымдар қандай?
-Қазіргі уақытта ауыз суды жер астынан ұңғыма немесе су сорғысы (насос) арқылы алып отырған жұртшылық өкілдері бары белгілі. Ал, суды мұндай әдіспен қолдану электр жүйесінің жұмысына тікелей байланысты. Электр жарығы өшетін болса, су да тоқтайды деген сөз. Сол себептен, Ақсу, Белбасар, Жаңа жол, Қонаев, Далақайнар, Балуан Шолақ, Бәйдібек, Төле би ауылдары мен Шу қаласындағы «Қосқұдық» мөлтек ауданы сынды тоғыз елді мекенге электр қуаты өшкен кезде сумен қамтамасыз ете алатындай генератор орнаттық.
Жалпы, осы жылға 15 генератор, 10 трансформатор алынып, оның басым бөлігін алыс ауылдар мен халқы тығыз орналасқандықтан, Шу қаласына орнатуды жөн санадық. Бүгінгі таңда Шу қаласында 8 су сору стансасы, 12 кәріздік насосты станса бар.
-Мекемені жаңа техникамен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде не айтасыз?
-Техника – мекеме тынысының басты кепілі. Сондықтан, бұл мәселе ұдайы біздің назарымызда. Жыл ішінде 2024 жылға бөлінген қаражат есебінен бірқатар қажетті техникалар сатып алынды. Қазіргі уақытта насос және басқа қажеттіліктерді сатып алу жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін жоспар толығымен орындалады.
-Мазмұнды әңгімеңізге рахмет! Мекеме тынысына қатысты тың жоспарларыңыз лайықты жүзеге аса берсін!

Сұхбаттасқан
Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.