АЭС бойынша халықтық штаб өтті
Кез келген мемлекеттің басты байлығы-халқы екенін ескерсек, елдің әл-ауқатын арттыру, экономиканы тұрақтандыру ісі жүйелі түрде жолға қойылуы керектігі айтпаса да белгілі. Әр мемлекет өзінің деңгейіне және мүмкіншілігіне қарай даму жолын таңдайды. Біз жер асты, жер үсті бай мемлекет болғандықтан, алдымызға ұзақ мерзімді жоспарлар құрып, өзіміздің шикізат көздерін қажетімізге қарай кәдеге асыруға құқылымыз. Содан болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алған күннен бастап “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын алға тартып, мемлекеттің саяси құрылымын нығайту жолында тер төгіп келеді.
Жаңа Қазақстанда қоғамның пікірі – алдыңғы орында. Президентіміз өзінің осы бастамасы арқылы азаматтарды ел өміріне белсене араласуға шақырып отыр. Бұл қадам, бір жағынан, билік пен қоғамның арасындағы әлсіреген сенімді нығайтуға да оң ықпалын тигізетіні анық. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында үшінші рет өткізгелі отырған жалпыхалықтық референдумның саяси мәні зор.
Осыған орай, өңір-өңірлерде атом энергетикасының пайдасы мен зиянын жан-жақты талқылау бойынша түрлі форматта кездесу жиындар өтуде. Күні кеше ғана біздің ауданда да АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб өтті. Оған Сенат депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, “Amanat” партиясы ауданық филиалының жауапты хатшысы Болатхан Ниязбеков, сондай-ақ 350-ге тарта Шу ауданының тұрғындары қатысты.
Шара барысында ең бірінші Бекболат Серікбекұлына сөз беріліп, ол АЭС-ті Қазақстанда салудың маңыздылығына жеке-жеке тоқталып өтті. Ол Президентіміз АЭС туралы идея ұсынған сәттен бері бір жыл уақыт өткенін, барлық өңірде осы мәселенің мәнін ұғынуға, «оң мен солын» бағамдауға мүмкіндік берген қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылып, өткізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың ресми сайтының іске қосылғанын, аталған платформада барлығы егжей-тегжейлі жазылғанын жеткізді. Мұнан кейін сөз алған Сәкен Қаланұлы әлемнің дамыған елдерінде атом электр станциялары жұмыс жасап тұрғанын дәлелдермен келтіріп, елімізде АЭС салуға Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және Қытай өзінің ұсынысын білдіріп, АЭС-ті бірлесе салуға ықылас танытып отырғанын айтты. Бұл елдер ең қауіпсіз реакторларды ұсынып отырғанын да тілге тиек етті. Бұған қоса, көптің көкейінде алаңдаушылық тудырған сұраққа да жауап берді. ХХ ғасырдың 70 жылдары орын алған Чернобыль және Фукусимадағы апаттың қайталанбайтынын, қазіргі реакторлар автоматтандырылғанын, сейсмикалық тұрғыда 8-9 баллға дейін шыдайтынын атап өтті. Сондай-ақ МАГАТЭ жыл бойы АЭС салынған елдерді 4-5 рет ескертіп те, ескертпей де тексеріп тұрады деді ол өз сөзінде.
Қос азаматты мұқият тыңдағаннан кейін тұрғындар өз талап-тілектерін алға тартып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Ең бірінші Базарбай Асқартегі сөз алып, АЭС келешекте Балқаш көлін құртып жібермей ме деген сауалын алға тартты. Ал, Сәкен Қаланұлы неге АЭС салуға оңтүстік өңір таңдалғанын нақты мысалдармен түсіндіріп берді. Оңтүстік өңірде орналасқан Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында халық тығыз орналасқандықтан электр қуатын пайдалану деңгейі де жоғары екендігін, сондықтан да аталған аумақ АЭС салу үшін қолайлы екенін жеткізді. Аудандық мәслихат депутаты Мақсат Сұлтанғазиев та өзінің азаматтық позициясын танытып, сын-ескертпелерін алға тартып, көкейіндегі сұрағын да қойды. Халық қалаулысы 2017 жылы Экспо қалашығы салынатын кезде қазақстандық сала қызметкерлерінің 5 күндік жалақысы ұсталғанын, АЭС салу кезінде де сол олқылық тағы қайталанбайтынына ел күмәнді екенін жеткізді. Бұл сұраққа да толыққанды жауап берген сенаторлар АЭС салу үшін қазақстандық бюджеттен 20 пайыз ғана шығын шығатынын, қарапайым халықтың жеке шотынан ешқандай төлем ұсталмайтынын нық айтты.
Жиын барысында бұдан бөлек бірнеше сұрақтар қойылып, сенат депутаттары тарапынан тұщымды жауаптар берілді.
Айғаным Асқарбек.