Ақпараттық портал

Баспана – бақыт мекені

Соңғы бір-екі жыл көлемінде аудан тұрғындары арасында баспанамен қамтылып, жерлестеріміздің жаңа қонысқа ие болып жатқандығын аңғарып келеміз. Оған біріншіден, кәсібі өрге домалап, жүйелі қызмет етіп келе жатқан жеке кәсіпкерлер, екіншіден сол кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп келе жатқан мемлекеттік саясат зор ықпал етуде. Мемлекет пен ірі кәсіпкерлердің бірлескен қолдауын сезініп отырған жергілікті жұртшылық өкілдерінің де қарасы біртіндеп молайып келеді. Бұл бір жағынан қуантарлық жайт. Өйткені, баспана – қоғамдағы басты мәселе.

Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұсынған соңғы мәліметке сәйкес коммуналдық мемлекеттік тұрғын үй кезегінің тізіміне бүгінгі таңда 1756 азамат тіркелген. Оның ішінде жетім балалар – 202, көпбалалы отбасылар 480, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар – 825, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер – 210 адамды құрайды.
Осыдан біраз уақыт бұрын газетімізде жарияланған мақалада жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға табысталған пәтерлердің сандық көрсеткіші туралы және алдағы уақытта жыл соңына дейін жүз тұрғын үй сатып алу жоспарланғандығын жазған болатынбыз.
Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен «Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алу» бағдарламасы аясында жүз отыз миллион үш жүз жетпіс төрт мың теңге қаражат қарастырылып, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы Шу қаласы, Айнабұлақ көшесі, №25 мекенжайынан екі қабатты 8 пәтерлік тұрғын үй сатып алынды. Оның жалпы алаңы 603м3 (шаршы метр). Сатып алынған тұрғын үй өткен айда яғни, 27 тамыз күні тұрғын үй комиссиясы отырысының №3 хаттамасымен тұрғын үй кезегі тізіміндегі 2 жетім бала және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, 2 көпбалалы отбасыға және 1 халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын азаматқа пайдалануға берілді. Қалған 3 пәтер қызметтік пәтер ретінде берілген.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың баспанамен қамтылуына «Асарлатып үй салу» жобасы да оң ықпалын тигізуде. Бағдарлама аясында соңғы екі жылда онға жуық жерлестеріміз баспанаға ие болды. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары аяқталмай, өтпелі кезеңмен жүзеге асырылып жатқан тұрғын үйлер де бар.
Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметіне сүйенер болсақ, республикалық бюджет есебінен тұрғын үй салу және сатып алу бағдарламасы бойынша 2023-2029 жылғы республикалық бюджет есебінен тұрғын үй салуды немесе сатып алуды қаржыландыру және мемлекеттік бағалы қағаздар шығару, тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрғын үйді мониторингілеу және өткізу қағидалары негізінде ағымдағы жылы республикалық бюджет есебінен аудан көлемінде 50 үй сатып алуға 663 051,0 мың теңге қаражат қарастырылған. Бұдан бөлек, «Самұрық қазына» есебінен тағы 50 тұрғын үй сатып алуға 757 959,2 мың теңге қосымша қаражат бөлінді. Сатылып алынатын тұрғын үйлер сәулет, қала құрылысы және кұрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердiң талаптары бойынша жайлылықтың III-IV сыныптарына сәйкес келуге тиiс.
Тұрғын үйдiң 1 бiрлiгiнiң жалпы ауданы 80 шаршы метрден, рұқсат етiлген шегі 5 пайыздан аспауы керек. Яғни, жеке кәсіпкерлердің өз қаражаттары есебінен салынған үйді аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі сатып алып, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолдайды. Олар барлық жұмыстар құжатқа сай жүзеге асырылған соң тұрғындарға ұсынатын болады. Қазіргі таңда, ағымдағы жылы 100 тұрғын үй құрылысын жүргізуге жергілікті 7 жеке кәсіпкер есебінен құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Яғни, қыркүйек айында 12 пәтер сатып алынды. Қазан айында 39 пәтер сатып алынады. Қалған 49 пәтерді құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталу мерзіміне байланысты жыл соңына дейін яғни, қараша-желтоқсан айларында сатып алу жоспарлануда.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.