Зауыт жұмыстарының барысын тексерді
Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты, «Каспий» су тұщыту зауыты және «ҚазАзот» кәсіпорнына барып, инфрақұрылымдық проблемаларды шешу және экономикаға жеке инвестиция тарту мәселелерімен танысты.
Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында тиісті тапсырмалар берген болатын.
Ақтауда Премьер-Министр «қауіпті қызыл аймақтағы» 19 энергия көзінің тізіміне енген МАЭК-тегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мемлекет басшысы оларды жаңғыртуды басым тәртіппен аяқтауды тапсырды.
Өнеркәсіп пен өңір халқының электр және жылу энергиясына қажеттілігін қамтамасыз ететін МАЭК-тегі энергетикалық жабдықтардың тозуы 79%-ды құрайды. Өткен жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет резервінен 4,9 млрд теңге бөлінді. Биыл республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бағытталды. МАЭК құрамына 3 электр стансасы, дистиллят және өнеркәсіптік жылумен жабдықтау зауыты, жөндеу зауыты, цехтар және реактор қондырғысы кіреді. Кәсіпорында 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
«МАЭК» ЖШС бас директоры К. Орақов биылғы қыркүйек айының соңына дейін екі қазандық пен бір турбинаны күрделі жөндеудің аяқталғаны туралы баяндады. Сонымен қатар МАЭК-тің қазіргі қуаты 500 Гкал болғанда, Маңғыстау облысында жылу тапшылығы 245 Гкал-ды құрайды.
Олжас Бектенов өңір әкімдігі мен кәсіпорын басшылығына жоспарланған жұмыстардың мерзімінде орындалуын, кәсіпорынның, инженерлік инфрақұрылымның, жалпы өңірдегі ТКШ нысандарының алдағы жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар облыстың өнеркәсіптік дамуы мен келешегі бар өндірістерді іске қосу қосымша энергия қуатын қажет ететіні атап өтілді.
Жалпы, Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығы проблемасын кезең-кезеңімен шешу үшін қуаты тәулігіне 140,5 мың м3 болатын 9 су тұщыту зауыты мен қондырғыларының құрылысы жүргізілуде. Өңір басшылығына осы жобаларды жан-жақты қолдау жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.