Мәдениет қызметкерлері белсенділік танытуда
Қазіргі таңда ауданымызда абаттандыру, санитарлық тазалықтың екі айлығы қызу жүруде. Әр аптаның соңында сенбіліктер ұйымдастырылып, мекемелер өз маңы мен бөлінген аумақтарға тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. Солардың қатарында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Шу аудандық мәдениет үйінің ұжымы бар.
Шу қаласы мен ауылдық округтердегі мәдени ошақтардың қызметкерлерін қоса алғанда 200-ге жуық адам жұмыс істейтін аталмыш мекеме әр сенбілікке белсене қатысып, туған өлкенің еркін тыныстауына септесіп жүр. Атап айтқанда, аудандық мәдениет үйінің ұжымы Төле би ауылының Аша бөлімшесіндегі С.Естемесов көшесінен Дөненбай көшесінің басталар тұсына дейінгі аралықтың тазалығын қамтамасыз етіп жүр.
-Аудан әкімдігінің «Шу қаласы мен аудан елді мекендерін күзгі абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстары туралы» №416 қаулысын жүзеге асыру әрі өлкеміздің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында бөлім мен бағынысты мекемелер төртінші мәрте сенбілікке қатысуда. Тазалық шарасы аясында белгіленген аумақта қураған шөптерді жұлып, қоқыстар теріледі. Күзгі екі айлықтың жерлестеріміз үшін мәні зор. Сондықтан әрбір тұрғынды өз ауласы мен көшесіне сенбілік жүргізуге шақырамыз, -дейді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Жазықбаева.
Аудан басшылығы бекіткен қос айлықтың алғашқы бөлігі де өте шықты. Алдымыздағы қазан айында да сенбіліктер ұйымдастырылмақ. Халқына ән мен жырдан шашу шашып, қуанышын бөліскен мәдениет және өнер қызметкерлері бастаманы қызу қолдап, мәреге дейін белсенділікті бәсеңдетпейміз деп отыр.
Байжан Емберді.