Ақпараттық портал

Шулық балуан АҚШ-та топ жарды

Қазақ белдескеннің белін бүгіп, тірескеннің тізесін жерге тигізген, қала берді боз кілемде қарсыласына шыдас бермеген жанды «Балуан» дейді. Ел тарихында дәл осындай жауырыны жер иіскеп көрмеген балуандарымыз аз болмады. Бүгінгі таңда да солардың сарқытындай болып, әлемдік аренада топ жарып, еліміздің көк туын желбіретіп жүрген спортшыларымыз баршылық. Солардың бірі ретінде шулық балуан Мадияр Жұматаевты атап өтуге болады.
Жерлесіміз жастайынан боз кілемде жаттығып, өзінің мықтылығын ел біріншіліктерінде бірнеше мәрте дәлелдеген. Уақыт өте келе Шу қаласында жасөспірімдерді күрес түрлеріне баулып, өзін бапкерлік қырынан да танытып үлгерді. Алайда, бойдағы бұла күш оны шетел асуға, мұхиттың арғы жағында белдесуге жетелей түсті. Бойдағы жігер, қазақы мінез бен қайсарлық басым болса керек, жерлесіміз өзінің шеберлігін шетелде сынап көруге бел шешеді. Осылайша, Мадияр кейінгі бір жылда Америка құрама штаттарына қоныс аударып, спорттық мансабын сол жақта жалғастырып келеді. Көп уақыт өте қоймаса да бүгінде жерлесіміздің жеткен жетістіктері де аз емес.
Мәселен, жуырда ғана ол Америка құрама штаттарының Лас Вегас қаласында өткен «USA Masters Championships» чемпионатында күрестің қос түрі бойынша өнер көрсетіп, екеуінен де жүлделі орынға ие болды. Дәлірек айтар болсақ, ол ең алдымен грек-рим күресінен 78 келі салмақта өнер көрсетіп, барлық қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың жеңімпазы атанады. Сонымен бірге, еркін күрес бойынша сынға түсіп, мұнда да ақтық сынға дейін боз кілемде қарсылас шақ келтірмейді. Өкінішке қарай, финалдық белдесуде қарсыласына есе жіберіп, екінші орынды місе тұтты. Бұған дейін АҚШ-тың өзге де өңірлерінде өткен балуандар бәсекесінде бәсі басым түсіп жүргенін айта кеткеніміз жөн. Мадияр Айтқалиұлының өзі Америка құрама штаттарында күрес түрлерінен бәсекелестік жоғары екенін айтады.
– Жалпы, мұнда күрес түрлеріне деген қызығушылық өте жақсы. Дайындық барысында, әсіресе жарыстарда бәсекелестік жоғары. Күрестің екі түрінен сынға түсіп, екі бірдей медальды қанжығаға байлағаныма өте қуаныштымын. Оның үстіне шетелге келіп, мұндағы күрес әлеміне енді ғана бой үйретіп жатқан спортшы үшін бұл жаман жетістік емес деп ойлаймын. Алдағы уақытта байрақты бәсекелерде өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғаймын деген үміттемін, – дейді Мадияр Жұматаев.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.