Ерлік – ұрпаққа үлгі
1986 жылғы 16 желтоқсан сол кездегі өрімдей қазақ жастарының рухы сілкініп, намыстың нажағайын жаққан уақыт екені әмбеге аян. Қазақ еліне қазақ басшы болсын деген талап көтерген жалынды жастардың бейбіт шеруіне Кеңес үкіметі тарапынан күш қолданылып, соңы көтеріліске ұласты. Сол жылы жастары жиырмадан жаңа асқан жастарға нақақ жала жабылып, мұздай су бүркіп, аяусыз соққыға жығылды. Талайы түрмеге тоғытылып, талайының денсаулығына зиян келді. Алайда қаруланған қауқарлы қалың қол қазақ жастарының жалынына қарсы тұра алмай, бірер жылдан кейін еліміз өз егемендігіне қол жеткізді.
Қайрат, Ербол, Ләззәт пен Сәбира сынды өмірлерін азаттық жолында құрбан еткен қаһармандардың ерлігі тарих бетінде қатталып, әр буынның жадында ұзақ жатталатыны ақиқат.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай аудан орталығындағы “Қазақ елі” монументіне гүл шоқтары қойылып, боздақтардың рухына бір минуттық үнсіздікпен құрмет көрсетілді.
Ұлттық мейрамның таңында өткізілген шараға Шу ауданы әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық және ауылдық ардагерлер, желтоқсаншылар мен мекеме басшылары қатысты.
Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев пен желтоқсан оқиғасының қатысушылары аудан орталығындағы С.Шәкіров атындағы орта мектебіне барып, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойып, ерлігін құрметпен еске алды.
Естеріңізге сала кетейік, Желтоқсан көтерілісі Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Азаттыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға.
Деректерге сәйкес, көтеріліс кезінде 200-ден аса адам жараланып, дәл осыншасы дүние салған. Сонымен қатар мыңнан аса адам тұтқындалған. Суығы сана мен сай-сүйекті сырқыратқан сол оқиғадан бері 38 жыл өтсе де, оның жарасы сан жүректен әлі күнге дейін жазылған емес.
Қазіргі таңда Шу ауданында желтоқсан желіне жанын тоңдырып, жалынына шарпылған тура 50 батыр бар. Олар сол жылдары студенттік дәуренін Алматы шаһарында өткізіп жатқан қыз-жігіттер болатын. Бүгінде аға буынға айналған аға-әпкелер жас ұрпаққа патриоттық бағытта тәрбие беріп, өңірдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Байжан Емберді.