Музыка өнерінде із қалдырған ұлт өнерпазы
Әйткеш Толғанбаев 1924 жылы Семей облысы, Шыңғыстау ауданы, ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтың кіндік қаны тамған Қарауыл ауылында дүниеге келген. Алматы музыка училищесін бітірген (1942) қазақ ұлтының тұңғыш кәсіби скрипкашысы. Ұлы Отан соғысының майдангері (1942-45). 1945 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түскен. 1946-1955 жылдары репрессияланған, Сібірдегі ГУЛАГ обьектілеріне шегерілген. Орталық комитеттің Сәуір пленумының шешіміне байланысты түрмеден шығып келіп, 1956 жылы консерваторияға қайтадан түсіп, қайтадан деп анықтап отырғаным, бұрынғы түскені саналмаған, сол оқуын 1961 жылы тәмамдады.
Өзінің талантының арқасында бойына жинаған ілім-білімін талантты жастарға үйрету мақсатында консерваторияда ұстаз болды. Ұлттың әндері мен күйлерін, қазақ композиторларының шығармаларын өңдеп, скрипкаға лайықтап жазды. Барлық шығармаларын және классикалық туындыларды өзі орындап, таспаға жаздырды. Өз өмірінен «Исповедь судьбы жестокой» деген кітабын жазды. Әйткеш аға орындаған музыкалық шығармалар ұрпаққа асыл мұра болып, қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған.
Осы тұста назарларыңызды тағдыры ұлтымыздың тағдырымен тамырлас ағаның өткен өміріне аударғым келеді.
Қазақ ұлтына қасақана жасалған аштық ағаның жастық шағымен қатар келгені бәрімізге мәлім. Сол аштықта адам айтқысыз жағдайларды басынан өткізген. Қандай жағдай болмасын алғыр баланы аман алып қалу үшін ағайындардың шешімімен Жарма ауылындағы «Балалар үйіне» тапсырылған.
Тағдырдың тәлкегімен Семейде айдауда жүрген саяси тұтқындар арасындағы әр ұлттың өнер қайраткерлерінің баян, сырнай тартқанын көріп, естіп, сол уақыт үшін дала халқына таңсық саналатын аспаптардың үніне еліктейді. Қолына тиген аспапты үйреніп алғаны талапты жасқа жеткіліксіз болады. Әрбір мүмкіндікті пайдаланып, Семей қаласындағы кинотеатрларда, залдарда ойналған скрипканы тыңдап, сол бір ғажап аспаптың ерекше әуеніне біржола ғашықтық сезімі оянады. Радиодан берілген скрипка концерттерін аса бір ғашықтық сезіммен тыңдауды әдет еткен інісінің бұл талабын жоғары бағалаған Балтақай ағатайы 91 сомға (сол уақытта 5-6 қой тұратын) скрипка сатып әперген күні балғын- Айткеш музыкант болуым керек деген шешімге нақты көңіл тоқтатады. Бағы ашылып, 1936 жылдың сәуірінде өңірлік көркемөнерпаздар байқауына қатысып, Латиф Хамиди, Ілияс Жансүгіров сынды қазылардың көзіне түседі. Уақытында қазақтың күй өнеріне өлеңнен ескерткіш орнатқан І.Жансүгіров жас скрипкашының талантына таңқалып, облыстық газетке жылы лебізі мен маңызды мақаласын жариялаған.
Осылайша, бірінші ұмтылысынан-ақ ұлылардың назарына ілінген дарынды талап иесі сол кездегі Семей музыкалық театрының композиторы әрі дирижері Л.Хамидидің ұсынуымен қазақ музыкасының корифейі А.Жұбановтың алдынан өтіп, драмалық-музыкалық техникумда Ленинградтан жер ауып келген Иосиф Антонович Лесманның шәкірті болады. И.Лесман өзінің естелігінде: «Өмірде бірінші рет осындай алғыр, ғажап, дарынды оқушыны кездестіріп отырмын» деп шәкіртінің талантын жоғары бағалаған. И.Лесманның шәкірті болғаны Польшадағы концлагерде тұтқында болғанда да зор септігін тигізеді. Варшавада өмірге келген Иосиф Антоновичті Европа толық білгені анық. Кәсіби мүмкіндігін шыңдап, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» спектаклінде ойнаса, П.Чайковскийдің күрделі шығармаларын оркестрмен бірге орындауға қатысу арқылы шеберлігін арттырады.
Аш–жалаңаш студенттік өмірдің тауқыметін көреді. Адамзатты шошытқан соғыс та асыл армандарының орындалуына кедергісін тигізеді. Училищеге түсерде жасына жас қосып алған аға, соғысқа сұранып, қан майданның алдыңғы шебіне аттанған. Майданда жауынгерлердің өтініші бойынша әртүрлі ұлттың әуендерін скрипкаға салып, жанындағы азаматтардың көңілін көтерген. 1942 жылдың қыркүйегінде Кавказ мұнайына бет алған жаудың алдына тосқауыл болған одақ әскерінің қатарында болып, аяусыз кескілескен майданда ауыр жараланып, ес-түссіз күйде тұтқынға түседі.
Бах, Моцарт, Бетховен сияқты ұлы композиторларды дүниеге әкелген Европа халқының сүйікті аспабында ойнай алғанның арқасында талай рет жендеттердің қолынан аман қалған. Қызыл Крест қоғамымен Фрайбург қаласында тұтқындағылардан арнайы ұйымдастырылған шарада ұлтымыздың «Елім-ай» әнін скрипкада ойнап, қанды соғыстың адамзатқа деген зардабын музыканың құдіретімен жеткізген. Музыка тілге, ұлтқа, саяси режимге байланыссыз екенін тағы да дәлелдейді. Сонан кейін де Бах, Моцарт, Бетховен, Шуберт, Верди, Паганини, Чайковский және тағы басқа ұлы композиторлардың классикалық шығармаларын скрипкада орындап, жендеттерді өнер құдіретіне табындырды.
Тағы бірде Бетховеннің романсы «Соль-Мажорды» орындауда, залда отырғандар скрипканың әрбір дыбысын қалт жібермей, тыңдаған екен. Олардың Әйткеш ағаның орындау шеберлігіне таңқалғандары соншалық, оны көпке дейін сахнадан жібермей қояды. Қайдағы бір «жабайы азиаттың» алыс түкпірдегі Еуропа музыкасын соншалықты шабытпен, асқан шеберлікпен орындағанына сенудің өзі қиын еді. Туа біткен талант иесі, қазақтың скрипка өнерінің негізін қалаушы, тұңғыш кәсіпқой музыкант Әйткеш Толғанбаев тағдыр тәлкегімен Батыс Еуропаны аралап, көптеген қиыншылықтарды басынан өткізді.
Небір зобалаңды көзбен көріп жүргеніне қарамай, итальяндық құпия тобымен тығыз (подполиядағы) жұмыс жасайды. 1945 жылы одақтас ағылшын-американ әскерлерінің көмегімен босатылған тұтқындармен бірге аға Италияның Торонто қаласына жеткізілді.
Бос уақытын бос өткізбей, Италияның атақты театрларын аралап, операларды тыңдаумен қатар көптеген шығармаларды нотаға түсіріп, ғажайып шығармаларды өңдеп, ұлттық ырғаққа түсіріп қағаз бетіне қор жасайды.
Тума талант иесі соғыстың аяқталғанын Римдегі Кеңес елшісінде Қызыл Крестің жобасымен жұмысшы болып жүргенде естіді. Соғыс біткен соң 1945 жылы Рим елшілігінде халықаралық соғыс зардабын шеккендер статусымен қызметке қалдырылды. Бірақ, дарынды музыкант туған жерге деген сағынышпен елге оралғысы келетінін айтып, тиісті органдар арқылы 1946 жылдың аяғында елге оралады. Мұнан кейін өнер жолында халқына еңбек жасап жүрген өнерпаздың үстінен жазылған жала-арызбен «Отанын сатқан» деген айып тағылып, 1947 жылы 25 жылға ГУЛАГ-қа айдалады. Сол кездегі қанды саясаттың қолшоқпары болған шолақ белсенділер талант иесінің өмірін солай қор етті. Қанды билік ағаны «ұлттық құпия топпен байланыста болдың, соны мойында» деп, адам айтқысыз азаптаған.
Бізге, жастарға сабақ болардай, жазықсыз жаламен жапа шегіп, тағдыр тәлкегін басынан өткерді. Ғұмырында тозақ отына күйіп, көрмегенді көрсе де, ар-намыс үшін күресе білді. Кісілік қасиеттердің қандай болу керектігін танытты. Әйткеш Толғанбаевтың өмір жолы ерліктің, қайсарлықтың, адалдықтың, азаматтықтың үлгісі. Нақыл сөзбен айтқанда, «Адамгершілік бар екен-ау деп, сенгенге себеп бол» дегендей, ағаның өмірі бізге үлгі. Осы тұста сәл сүрінсе, қыспақ көрсе болды, өзінен басқаның бәрі надан дейтіндер қоғамда әлі де баршылық екені ойға оралады.
Консерваторияға түстім-ау, көңілдегі көрікті ойлар музыка дыбысына айналып, скрипка ішегінен әуен болып төгілетін болды-ау деген кезде тағы да осындай кедергіге тап болады. МҚК соңына түсіп, «ағылшынның шпионы», «халық жауы», «сатқын», «Кеңес билігіне қарсы шығушы» деп қаралайды. Қырық түрлі жала жауып, ойдан құрастырылған «ертегінің» ең жағымсыз кейіпкері рөлін шығарады. Карцерге тығып, ұрып-соғып, азаптап, көрмегенді көрсетеді. Күштеп мойындата алмағанмен, бәрібір 25 жылға бас бостандығынан айырып, лагерге жіберіледі. Сібірдегі ең зобалаң Магаданның лагеріне шегерілді. Соңынан қалмаған қырсықтан Ахмет Жұбановтың арқасында ақталып шықса да, соғысқа қатысқан ардагер ретіндегі жеңілдіктерден толық айырылады. Әйткеш аға өзіне еш жеңілдік те сұрамаған.
Осы тұста ұлтымыздың ұлы қайраткері И.Байзақовтың «Көрдің бе көктің жерге құлағанын, Көрдің бе күннің жарық сұрағанын» деген сөзін айта кеткім келіп отыр. Сол кезден бастап Тәуелсіздік таңы атқанға дейін өзінің саяси бостандығы үшін күресіп, халықаралық қоғамдарға өтінішін өткізіп, талап қойған Әйткеш Толғанбаев тек 1992 жылдың мамырында, ғұмырының соңғы үш жылында ғана Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының шешімімен «1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны» деп танылып, толық ақталған. Шындықты айту керек, осы жылдың басында басқа мемлекетке тұрғылықты азамат статусына шақырылғанын мемлекет билігі естіп қана, ақтау шарасын қолға алған.
Ұлтымыздың кәсіпқой скрипка мектебінің негізін қалаушы, «Қазақтың Паганиниі» бұрынғы Гулаг тұтқыны атанып, бар ғұмыры күреспен өткен Әйткеш Толғанбаев 1995 жылы өмірден өтті. Ұлы өнер иесінің артында қазақ радиосының алтын қорында скрипкада орындаған музыкалық шығармалары, өнердегі өшпес өмірін жалғастырушы шәкірттері, орыс және қазақ тілдеріндегі «Қатал тағдыр тәлкегі» атты естелік кітабы мұра боп қалды.
Жоқтан жоғары болған, бірақ «әттеген-ай» деген арман бар «Музыкант» атты деректі фильмі түсіріліп, еліміздің көптеген қалаларында көрерменге жол тартты. Абай атындағы музыкалық-драма театрының әртістерімен Шопан Кәрібаевтың «Тұманды таңда жоғалған бейне» драмасы көрерменге ұсынылды. Ұлы замандасымыз ретінде бұл шара өте аз, сондықтан республикалық деңгейде жоспарлы ұлықтау шаралары өткізілсе екен деген тілек бар.
Ерекше талантымен еуропалықтарды таңқалдырған, қазақ ұлтындай дарынды ел барын көрсеткен азамат туралы әлі де талай–талай ғылыми жұмыстар өмірге келіп, вертуоз (италияндық тілде абырой, дара талант деген сөз) өнерпаз Әйткеш Толғанбаевтың есімі кейінгі ұрпақ жадында мәңгіге қалады деп кәміл сенеміз.
Әділ НЕСІПБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, «AR SISTEM KZ» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті,
т. ғ. д., профессор.