Шабытты ұстаз – шығармашыл шәкірт
Бүгінгі күні білім саласына енгізіліп жатқан өзгерістер алдында білімді дайын күйінде ұсынып қоймай, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін шығармашыл тұлғаны тәрбиелеу міндеті тұр.
Шығармашыл ұстаз – бұл тек білім беруші ғана емес, шәкіртінің ой-өрісін кеңейтетін, оларды жаңа мүмкіндіктерге жетелейтін тұлға. Осы тұрғыда аудандық білім бөлімінің әдіскері Сержанкүл Аметқызының ұйымдастыруымен 2-10 сынып оқушылары арасында аудандық «Eco-Science» атты ғылыми жобалар байқауы өткізілді.
Оқушылардың ғылыми зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық проблемаларға көпшіліктің назарын аудару мақсатында өткен байқау тартысқа толы болды.
Байқау «Жасыл экономика» және «Қоршаған ортаны қорғау» бағыттары бойынша өткізілді. Аталған байқауға Жайсан ауылы, Жайсан орта мектебінің 10 сынып оқушысы Мұхаметкерім Арайлым «Қоршаған ортаны қорғау» бағыты бойынша қатысып, «Тұрмыстық қатты қалдықтарды пайдаға асыру» атты ғылыми жобасын қорғап, нәтижесінде жүлделі ІІ орынға ие болды. Жетекшісі – директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Умбетова Сауле Сүйебайқызы. Оқушының жетістігі – ұстаздың абыройы мен еңбегінің нәтижесі деген осы емес пе?!
Дарынды да, білікті шәкірттеріміз көп болып, мектебіміздің мерейі үстем болсын. Оқушылардың жетістігі – біздің ең үлкен мақтанышымыз!
Мадина Даулетказина,
Жайсан орта мектебінің ұйымдастырушы педагогы.
Жайсан ауылы.