Межеленген жоспар толығымен орындалды
ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Онда ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға негіз болмақ. Ел Президентінің тапсырмасын жүзеге асыруға бірінші кезекте әр өңірдегі халықтың жұмыспен қамтылуына септігін тигізетін Мансап орталықтары ұйытқы болары сөзсіз. Сол себептен жоғарыдан берілген нұсқаудың біздің ауданымызда іске асырылу деңгейін біліп, оны оқырман қауыммен бөлісу мақсатында жуырда жергілікті Мансап орталығының директоры Омбаев Ержігіт Тоқтасынұлына жолығып, біраз мәліметке қанық болған едік. Сол сұхбатты назарға ұсынып отырмыз.
-Ержігіт Тоқтасынұлы, қай өңірде болмасын халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруда жергілікті тұрғындардың сандық және сапалық құрамы зор мәнге ие. Бүгінгі таңда аудан халқының сапалық құрамы қандай?
-Шу ауданында бүгінгі күнге халық саны 106 114 адамды құраса, оның ішінде 47 758 адам экономикалық белсенді халық санатына жатқызылған. Жұмыссыздық деңгейі 1,6 пайыз, яғни 788 адамды құрайды. 2024 жылға «Ұлттық жоба» бағдарламасымен 5856 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған болатын. 12 айдың қорытындысы бойынша 6579 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды немесе 112,3 пайызды құрады. Атап айтар болсақ, тұрақты жұмыс орнымен 3949 адам, “Жастар тәжірибесі” бағдарламасымен 255 адам, ақылы қоғамдық жұмыспен 1173 адам, әлеуметтік жұмыс орнымен 70 адам қамтылды. 90 адам қайтарымсыз грантқа ие болса, “Алғашқы жұмыс орны” жобасына 110 адам, “Күміс жас” жобасына 134 адам, “Ұрпақтар келісімшарты” бойынша 3 адам, “Бастау-бизнес” жобасына 412 адам қамтылды. 157 адам қысқа мерзімді оқумен білім алса, 225 адам онлайн оқумен қамтылды.
Өткен жылдың он екі айының қорытындысы бойынша бағдарлама аясында жұмыспен қамтылған 5784 адамның барлығының еңбек шарттары жасалды.
-Ел үкіметі мүмкіндігі шектеулі жандардың да жұмыспен қамтылуына зор мән беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар бізде қалай жүзеге асырылуда және кәсіптік білімге тұрғындардың қызығушылығы қандай деңгейде?
-Нысаналы топтағы мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша бүгінгі күнге 219 адам әртүрлі жұмыспен қамтылды. Ал, «Жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында кәсіптік оқу» аясында және «Жұмыссызды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бойынша 150 адамды оқыту жоспарланып, нәтижесінде «Жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында кәсіптік оқу» аясында 105 адам және «Жұмыссызды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бойынша 45 адам жолданды. Жалпы саны 150 азамат оқуын аяқтап, тұрақты жұмысқа жолдама берілді.
-Жергілікті тұрғындардың қандай да бір кәсіппен айналысуына қолдау көрсетіп, кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу талабы бойынша не айтасыз?
-Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру барысында қайтарымсыз грантқа (400 АЕК немесе 1 476 800 теңге) ие болған, жалпы саны 90 адамды құрайтын жеке кәсіпкерлермен қосымша жаңа жұмыс орнын ашу жұмыстары жүргізілуде.
-Өткен жылы алға қойылған міндеттер арасында межеленген жоспардан артық орындалғандар бар ма?
-Бұл тұста “Жастар тәжірибесі” бағдарламасының орындалуы 102 пайызды, ақылы қоғамдық жұмыспен қамту 116,0 пайызды құрады. Сондай-ақ, “Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне онлайн оқытуға 330 адамды қамту жоспарланып, 12 айдың қорытындысы бойынша 412 адам “Бастау-бизнес” жобасының оқуын аяқтады.
-Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба бағдарламасы аясында өткен жылы іске асырылған инфрақұрылымдық жобалар бойынша жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту жайы қалай өрбуде?
-Өткен жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба бағдарламасы аясында 28 инфрақұрылымдық жобаға «Мансап” орталығы арқылы 166 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын. Мердігерлері анықталған 28 жоба бойынша 184 бос жұмыс орындары «Еңбек kz» сайтына жарияланып, нәтижесінде 184 азаматқа жұмысқа жолдама беріліп, толық еңбек шарттары жасалынды. Оның ішіңде 169 азаматтың міндетті зейнетақы жарнасы аударылып, 91,8 пайызды құрады
-Есігімізден енді ғана енген 2025 жылдың жұмыс жоспары қандай? Алда тұрған мақсат-міндеттерді атап өтсеңіз.
– Биылғы жылы аудан халқының санында айтарлықтай өсім болмағанымен, жұмыссыздық деңгейі 3,0 пайызды (1415 адам жұмыссыз) құрап отыр. Ал, алдағы жоспарлар жөнінде айтар болсақ, 2025 жылға бағдарлама аясында 5610 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған. Жекелей атап айтар болсақ, тұрақты жұмыс орнына 3500 адам, “Жастар тәжірибесі” бойынша 250 адам, ақылы қоғамдық жұмыс орнына 900 адам, әлеуметтік жұмыс орнымен 85 адам, қайтарымсыз грантқа 90 адам, “Күміс жас” жобасына 95 адам, қысқа мерзімді оқуға 125 адам, “Бастау-бизнес” жобасына 295 адам, онлайн оқытуға 270 адамды қамту көзделді.
Бүгінгі күнге 425 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, бұл 7,5 пайызды құрайды. Оның ішінде тұрақты жұмыс орнына 66 адам қамтылып, “Жастар тәжірибесі” бойынша 6 адам жолдама алды. Ақылы қоғамдық жұмысқа 329, әлеуметтік жұмыс орнына 1 адам жолдама алды. “Күміс жас” жобасымен 5 адам жолдама алса, “Бастау-бизнес” жобасына 13 адам, онлайн оқытуға 5 адам қамтылды.
Бүгінгі күнде қысқа мерзімді оқыту аясында «Жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында кәсіптік оқу» және «Жұмыссызды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» ісіне қатысты жұмыс берушілерден өтінімдер жинақталуда. Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру аясында қайтарымсыз грант ұсыну тетігі бойынша “Бастау-бизнес” оқуы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
-Жалпы, орталық жұмысының тікелей міндеті болып табылатын тұрғындарды жұмыспен қамту жоспары межеленген мерзім ішінде толық орындала ма, әлде артта қалушылық кезіге ме?
– Жалпы, аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімімен бекітілген ауданымыздың 2027 жылға дейінгі даму жоспары бар. Мұнда аудан халқын жұмыспен қамтуға қатысты ауданға қарасты округтер мен ауыл әкімдерінің міндеттері көрсетілген. Осыған орай, орталық мамандарының ықпалымен тиісті мекемелермен байланыс орната отырып, белгіленген жоспарды межелі мерзімде толық орындауға тырысамыз және ол орындалып та жүр. Сондай-ақ, кәсіптік оқыту ісі де жұмыссыз ретінде тіркелген азамат, Жұмыспен қамту орталығы, жұмыс беруші ұйым мен оқыту ұйымы сынды төрт жақты келісіммен жүзеге асырылады. Яғни, қандай да бір кәсіптік білімді меңгеріп, қолына білімі жөніндегі сертификатты алған адам төрт жақты келісімшарт бойынша бірден жұмыспен қамтылуы қажет.
Тағы бір айта кететін жайт, биылғы жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына негіз болатын бағыттар ішіндегі “Алғашқы жұмыс орны” және “Ұрпақтар келісімшарты” жобалары алынып тасталды.
Алайда, биылға межеленген жоспар мен орталық жұмысымен байланысты өзге де қызметтік міндеттердің лайықты жүзеге асуына күш сала беретін боламыз.
-Маңызды мағлұматтардан хабардар еткен сұхбат үшін рахмет. Тың мақсаттар табысты орындалсын демекпіз.
Сұхбаттасқан
Динара Батырхаирова.