Ақпараттық портал

Жаңа құрам, жаңа төраға. Аудандық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті

Қоғамдық кеңес – мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған консультативтік-кеңесші орган. Ол қоғамның мүдделерін қорғау, азаматтардың мемлекеттік басқару процесіне қатысуын қамтамасыз ету және жергілікті мәселелерді шешуде ашықтық пен есептілікті арттыру мақсатында құрылатыны белгілі. Ол ауданның тыныс-тіршілігіне қатысты өз ұстанымдарын ортаға салып, түйінді мәселелерді тарқатуға атсалысып отырады.

Жаңа аптаның басында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында Шу ауданының жаңадан қалыптастырылған қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға жаңадан сайланған кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бірінші басқосуды Шу аудандық қоғамдық кеңесін қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Аида Бекмурзина ашып, кеңес мүшелерін таныстырып, жаңа төраға сайланғанға дейін жиынды жүргізді. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестің мәжілісінде мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов кеңес мүшелеріне тиісті куәліктерді табыс етіп, жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.
Жиында қоғамдық кеңес төрағалығына ауданның Құрметті азаматы, зейнеткер Тынышхан Зағипбайұлы Әрістеевтің кандидатурасы ұсынылды. Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, салық саласының үздігі Т.Әрістеев Шу ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Төрге жайғасқан жаңа төраға жиын тізгінін қолға алып, алғашқы отырыстың күн тәртібімен таныстырды.
Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында оның жұмысын ұйымдастыруға қатысты маңызды мәселелер қаралды.
Оның ішінде бірқатар комиссиялар құрылып, мүшелерінің есімдері анықталды.
Атап айтқанда , әлеуметтік сала жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде Шу ауданының Құрметті азаматы С.Әбдіманапов сайланса, экономика, бюджет, салық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы болып Б.Қайранов бекітілді.
Мұнан кейін төралқа мүшелерінің есімдері ашық дауысқа қойылып, қолдауға ие болды. Кеңестің жұмысын үйлестіру үшін жеті адамнан тұратын төралқа құрамы түзілді.
Жиынның мәресінде «Қоғамдық кеңес туралы» Ереженің мәтіні таныстырылып, мүшелерінің дауысымен бекітілді. Сонымен қатар, кеңес қызметінің регламентін айқындайтын құжат ұсынылып, кеңес мүшелері оны бірауыздан мақұлдады.
Одан әрі 2025 жылға арналған жұмыс жоспары жасалып, жыл ішінде қаралатын негізгі мәселелер мен жоспарланған іс-шаралар талқыланып, бекітілді.
Сенім арқалаған жаңа құрамға сәттілік тілеген Жасұлан Әлкенұлы қоғамдық кеңестің қоғам өміріндегі маңызын ерекше атап көрсетті. Сондай-ақ жемісті жұмыс істеген ескі топқа алғысын білдірді.
– Аудандық қоғамдық кеңестің құрылуы жергілікті тұрғындардың мемлекеттік басқару процесіне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, өңірде шешімін күткен шаруалар көп. Оның тиімді шешілуіне сіздердің араласуларыңыз маңызды. Жаңа құрам ел мүддесі жолында еңбек етіп, алғыс арқалайды деген сенімдемін,-деді мәслихат төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық кеңес ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын, билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір болатын маңызды институт. Оның жұмысы аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және қоғамдық өмірдің сапасын жақсартуға бағытталады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.