Ақпараттық портал

Жас мамандарды жігерлендірген байқау

Әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтқан, ширек ғасырда ширап, аз ғана уақытта алдыға қарыштап дамыған Қазақстанның ертеңгі үміті, тәуелсіздігін баянды етер көзінің ағы мен қарасы, бірнеше жылдан кейін мемлекеттің бет-бейнесі болатын жастарға көбірек көңіл бөлу – басты міндеттердің бастысы.
Болашақ – жастардың қолында деген ұранды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тіпті, түрлі деңгейдегі іс-шаралар да жастарға бағытталуда.

Әр жылда жаңа оқу жылы басталған сайын білім ошақтарының табалдырығын жаңадан оқушылар аттаса, сол секілді жас мамандар да ұстаздық қызметтің есігін жаңадан ашады. Сол күннен бастап өзін жетілдіріп, жан-жақты болуға, біліктілігін арттыруға, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге талпынады. Соған сай алдыңғы толқын ұстаздар да бағыт-бағдар беріп, кәсіби тұрғыда дамуына жол ашады. “Жас келсе іске”, “Асыл тастан, ақыл жастан” демекші, кей сәттерде тәжірибесі мол ұстаздармен жас мамандардың да тең түсетін кездері жоқ емес. Сондықтан да ұстаздар қауымы әрқашанда тәжірибе алмасып отырудан, білгенімен бөлісуден тартынбайды. Білім саласын жандандыруға, шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруге талпынған ұстаздар түрлі деңгейде форум, байқау, олимпиада, семинарлар өткізіп тұрады.
Сондай игі шаралардың бірі – Шу ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты республикалық педагогикалық олимпиадасының аудандық кезеңі. Бұл байқау енді ғана педагогтық қызметке кіріскен, өз ісінің қыр-сырын игеруге талпынған жас маман педагогтар, тәлімгерлер, психологтар арасында өткізіледі. Бұл аталған үш мамандық иесі мектеп іргесінің берік қаланып, еңсесін тіктеуіне үлес қосар келешек майталмандар. Жас педагогтар балаға сапалы білім мен саналы тәрбие берсе, ал тәлімгерлер өскелең ұрпақтың қоғамдық іс-шараларға белсене араласуына, талантының шыңдалуына тер төксе, сондай-ақ психологтар оқушының психикалық жай-күйін бағамдап, эмоционалды дағдыларын қалыптастырып, жаны мен тәні сау болуына еңбектенеді.
Байқау барысында жас педагогтар «Педагогикалық дебют» (өзін-өзі таныстыру) және «Менің педагогикалық инновациям» тақырыбында TED форматта педагогикалық идеяларын қорғады. Тәлімгерлер болса “Мен балалық шақтың штурманымын” атты аталым бойынша өзін-өзі таныстырып, екінші кезеңде балалар ұйымы қызметінің бағдарламасымен таныстырды. Ал, психологтар да екі кезең бойынша, яғни “Менің мамандығым – психолог” аталымы бойынша өздерін таныстырып, “Шығармашылық алаңда” идеялары мен жобаларын қорғады.
Қатысушылардың жұмыстары ережеге сәйкес жүргізіліп, комиссия мүшелерінің шешімімен жеңімпаздар анықталды.
Сараптау жұмысының нәтижесінде аудандық білім бөліміне қарасты білім мекемелерінен қатысқан жас мамандардың ішінен жас педагогтар арасындағы олимпиадада Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Дәния Советбек пен Е.Бекмаханов мектеп гимназиясының тарих пәні мұғалімі Бексұлтан Бахит бас жүлдені иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Осы мақала газет бетіне түскелі жатқанда сүйінші жаңалық естіп, ауданның абыройы тағы бір асқақтағанына марқайып қалдық. Облысқа жолдама алған қос жас педагог та жүлделі орын алды. Атап айтсақ, Е.Бекмаханов мектеп гимназиясының тарих пәні мұғалімі Бексұлтан Бахит облыстық кезеңнен ІІІ орын алса, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Дәния Советбек І орын алып, республикалық кезеңге жолдама алды. Біз өз кезегімізде білім беру ісінде жан-жақтылығымен, жаңашылдығымен көзге түскен жас маман Дания Советбекке сәттілік тілейміз!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.