Ақпараттық портал

Еңбегі еленген шойын жол шебері

Ауданымыздағы темір жол саласының түрлі мекемелері арасында Жамбыл вагон пайдалану депосына қарасты Шу стансасының вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті (ВЧД-27)қызмет етіп келеді. Жамбыл вагон пайдалану депосы 2000 жылдың бірінші қаңтарында құрылған. Негізгі қызметі – жүк және жолаушылар вагондарына техникалық қызмет көрсету, жүк вагондарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу.
Шу вагон пайдалану депосында техникалық қызмет бекеті, бір техникалық қызмет көрсетуді бақылау пункті, жеті бақылау бекеті (оның алтауы пассивті жұмыс режимінде жұмыс жасайды), вагондарды дайындау бекеті, автобақылау бекеті, ағымдағы жөндеу пункті бар.
Қызмет көрсету учаскесінің жалпы ұзындығы 1256 шақырым болса, кепілдік қызмет көрсету учаскесінің ұзындығы 1607 шақырым.
Бүгінгі таңда штаттық кестеге сәйкес мұнда 177 адам еңбек етеді. Вагон қараушылардың бір айда қызмет көрсететін вагон санын айтар болсақ, жүк вагондарының саны 121299 вагонды, жолаушылар вагондарының саны 23699 вагонды құрайды. Ал, жөндеу пунктіне бір айда шамамен 97 вагон ағытылып, оларға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Осындай жауапты міндетті жүзеге асырып отырған мекемеге ағымдағы жылдан бастап өңіріміздің тумасы Айдын Қарамолдаев есімді азамат жетекшілік етіп келеді. Бұл азамат Шоқпар ауылдық округінің 1986 жылғы тумасы. 2007 жылы Алматы көлік және коммуникация колледжін «Инженер-технолог» мамандығы бойынша тәмамдаса, 2011 жылы Алматы қатынас жолы университетін сырттай оқып бітіреді. Алғашқы еңбек жолын 2007 жылы «ЛВЧДР-26» мекемесінде жолаушылар вагонының электригі болып бастайды. 2011 жылы «ВЧД-27» мекемесінде вагон қараушысы-жөндеуші болып жұмысын жалғастырады. 2017 жылдан осы мекемеде инструктор болса, 2025 жылдың басынан Шу стансасының вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің басшылық қызметіне тағайындалған. Жас болса да, бір ұжымға бас болған азамат бүгінде алдыңғы толқын – ағалармен тәжірибе алмаса жүріп, олармен қоян-қолтық қызмет етуде. Аға буын өкілдеріне құрмет те жас басшының назарынан тыс қалмаған. Соның жарқын дәлелі, жуырда Шу стансасының вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінде 1970 жылы еңбек жолын бастап, 2015 жылы зейнеткерлікке шыққан Джаманкулов Қанат Сағынтайұлына деген інілік ізеті.
1952 жылы дүниеге келген Қанат Сағынтайұлы «ВЧД-27» мекемесіне 1970 жылдың тамыз айында ІІ-разрядты слесарь болып жұмысқа орналасады. Алайда, осы жылы әскер қатарынан алынып, екі жылдан соң 1973 жылы өз жұмысын қайта жалғастырады. Осы жылы қараушы-жөндеуші, 1975 жылы аға қараушы-жөндеуші болып еңбек етеді. 1975 Алматы техникумына оқуға түсіп, оны 1978 жылы бітіріп шығады. Осы жылы шебер болып еңбек жолын жалғаса, 1981 жылдан пайдалану бойынша инженер-технолог, 1985-86 жылдары Шу стансасындағы ПТО басшысы, 1986-87 жылдары депо басшысының орынбасары, 1988-92 жылдары кадр бойынша инженер, 1993-98 жылдары техникалық бөлімнің бастығы, 1998-2002 жылдары «ВЧД-9» мекемесінде пойыз бастығы, 2003 жылы Шу стансасындағы АКП ПТО мекемесінде шебер болып еңбек етіп, 2015 жылы зейнеткерлікке шығады.
Қ.Джаманкулов қандай қызмет атқарса да, өзінің білім-біліктілігімен жақсы қырынан танылып, өзінен кейінгі жас буынға сала жұмысының қыр-сырын үйретуден жалықпады. Ерен еңбегі билік өкілдерінің назарынан тыс қалмай, әр жылдарда түрлі марапаттарға ие болды. Жуырда бұл азаматтың тағы да мерейі үстем болып, марапаты еселенді. Жоғарыда айтып өткендай, Айдын Қарамолдаев басшылық етіп отырған «ВЧД-27» мекемесінде ардагердің құрметіне ақ дастархан жайылып, әріптестерінің ақ тілегі мен ыстық ықыласына бөленді. Нақты айтқанда, темір жол саласындағы жалпы еңбек өтілі 40 жылдан астам уақытты құрайтын азаматтың ерен еңбегін ескерген Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы Тұрсынбай Халық Нұрғалиұлы ардагер теміржолшыны жоғарғы билік өкілдерінің марапатына ұсынған екен. Ұсыныс қабылданып, темір жол саласының қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесі үшін Астана қаласынан арнайы жеткізілген «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ орталық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатын Тұрсынбай Нұрғалиұлы Қанат Сағынтайұлына «ВЧД-27» мекемесі қызметкерлерінің алдында салтанатты түрде табыстап, иығына шапан жауып, ізгі тілегін жеткізді.
Өз кезегінде марапат иесі және өзімен бірге келген жұбайы көрсетілген құрмет үшін зор алғыстарын жеткізіп, ризашылықтарын білдірді.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.