Ақпараттық портал

Жемқорлыққа қарсы иммунитет

Көзі ашық болуға емес, ашкөздікке бой ұрған, толық адам қалыптастыруға емес, тойымсыздыққа тәнін қармаған, масылдығына масаттанған мешкейі, қолындағысын қонышына тығатын қомағайлары қаулаған қоғамды жемқорлықтың отаны деуге болады. Ал, біз қандай қоғам құрғымыз келеді, соған сай әрекет етіп, өскелең ұрпақты тура жолмен тәрбиелеуіміз керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алған күннен бастап “Әділетті Қазақстан” құрудың алғышарттарын көрсетіп, барлық жағынан ашықтықты талап етуде. Тіпті, мектеп оқушыларын тәрбиелеуге бағытталған “Біртұтас тәрбие” бағдарламасының да өн бойы адал азамат тәрбиелеп шығуды көздейді.

“Сыбайлас жемқорлық – өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам боп күресуіміз керек. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық та” – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тегін айтпаса керек.
Жемқорлықты жою жолында қыруар тірліктер атқарылып қана қоймай, бала санасын улайтын қоғам дертімен күресу үшін түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі, Шу ауданы білім бөлімінің әдіскері Индира Инкибаеваның ұйымдастыруымен, «Amanat» партиясы Шу аудандық филиалының №8-11/14 хатына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстарды түсіндіру және насихаттау мақсатында 9-11 сынып оқушылары арасында өткен «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз» атты карикатура байқауы.
Оған аудандағы жалпы білім беру ұйымдарынан 12 оқушы қатысты. Байқауға қатысушы оқушылар қазіргі қоғамда белең алған бармақ басты, көз қысты, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық туралы ойларын ақ парақ бетіне түсірді. Түрлі персонаждар арқылы ашкөз адамдарды әжуа етіп, көзі ақшадан басқаны көрмейтін, сол үшін қитұрқы әрекеттерге баратын, заңды белінен басатын жандарды суреттеген балалардың ойы ұшқыр екені байқалды.
Республикамызға белгілі карикатурашы Қали Қораласбаев бастаған әділқазы алқасының мүшелері үздік деп танылған жұмыстарды лайықты орындармен марапаттады. Бас жүлде алған Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Жексенбек Рауанның жұмысы облысқа жолдама алды.
Төңірегімізден төнген, төтеннен келе салмаған жемқорлықпен қоғам болып, ел болып ұдайы күрессек қана тосқауыл қоярымыз анық. Рухани тұрғыда кемел елдің жастары материалдық игілікті місе тұтпайтыны ақиқат. Жемқорлықтың жолы кесілсін десек, өскелең ұрпақты өнегелі азық болар біліммен қаруландырайық!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.