Ақпараттық портал

Абайды таныту ісімен ел болып айналысу қажет

Қазақ елі биыл ұлы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай түрлі деңгейдегі ауқымды іс-шаралар өткізетіні мәлім. Ол үрдіс біздің шуақты Шу өңірінде де басталып кетті. Оған дәлел, «Шу өңірі» газетінің тілшісі Айғаным Асқарбектің жыл басында, яғни 2025 жылдың 11 қаңтардағы №3 санында жарияланған “Абайды танытуда атымтай жомарттығымен көзге ілінген азамат” атты мазмұнды мақаласы. Бұл мақалада өскелең ұрпақ қамын ойлаған Оспанов Жұмахан Зәукетайұлының көпке үлгі боларлық жомарттық ісін сөз еткен. Ауданның абыройлы азаматы бір емес, екі мектепте “Абай оқуларының” өтуіне ұйытқы болып, рухани жаңғыруға үлес қосып отыр. Рас, тағылымы мол мақаланы оқып шыққан сәттен-ақ жүрегім тебіреніп, ерекше әсерде қалдым. Сол себептен қолыма қалам алып, жазылған жайға өз үнімді де қосқым келді.
Жұмахан атамызды сонау Кеңес заманынан білемін, ауылшаруашылық саласының майталман маманы. Ұйымдастырушы қабілетімен, іскерлік белсенділігі, қарапайымдылығымен көзге түскен азамат. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлығын аяған емес. Қайырымдылық акцияларға да белсенді қатысады. Жұмахан атамыз ауылшаруашылық саласын дамытуға әлі күнге дейін үлесін қосып келеді. Дөңгелетіп отырған шаруашылығын жыл да пайдалы табыспен аяқтайды, оның барлығы іс-тәжірибесінің, білімінің, ұйымдастыру қабілетінің, талапшылдығының арқасында деп білемін. Оған дәлел, кеудесіне таққан орден, медаль, төсбелгілері және көптеген Құрмет, Мадақтама грамоталары және Алғыс хаттары.
Көптеген аудандық жиындарда Жұмахан ағамыз мінберге шығып, өзінің жаңаша ой-пікірлерін айтқанда таңқалатынбыз. Бүкіл ғұмырын ауылшаруашылық саласына арнаған Жұмахан Зәукетайұлы кейінгі уақытта білім саласына көңіл бөліп, бала тәрбилеу ісіне бет бұрғанын байқаймыз. Аллаға шүкір, 85 жасқа толғалы отырған қарияға бала-шағасының ортасында аман-есен жасай берсін демекпіз.
Мақалада Жұмахан атамыз Д.Қонаев ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің оқушылары арасында «Абай оқулары» байқауының өтуіне ұйытқы болып, өскелең ұрпақтың дана Абайдың шығармашылығымен сусындауына септігін тигізіп, талапты балаларды ынталандыруға бақандай 500 мың қаражатты бергендігі жазылған. Сондай-ақ, Жұмахан атамыз жуырда Төле би ауылындағы қарашаңырақ – М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушыларымен де кездесіп, ол мектепте де «Абай оқулары» байқауын өткізуге ниетті екендігін жеткізіп, бұл байқауға тағы да қомақты қаржы бөлетіндігін мәлімдеген. Жұмахан атамыз жомарттықтың үлгісін танытып жүрген нағыз азамат, бұл ісі көпке үлгі.
«Абай оқулары» қазақ жерінде орын тепкен әр білім ошағында өткізілуі тиіс, оған жаны жомарт жандар да үлес қосып жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Осыған орай, Далақайнар ауылындағы Түймебай Әшімбаев атындағы орта мектепте Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толу қарсаңында мектепішілік «Абай оқулары» байқауын өткізуді жоспарлап отырмын. Байқаудың мақсаты – оқушыларға Абайдың шығармашылығын жан-жақты таныту болса, ал ережесіне өлеңдерін мәнерлеп жатқа айту және музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен бір өлеңін жанды дауыста орындау жатады. Әрине, қазылар алқасы жеңіске жеткен жүлдегерлерді анықтап, мадақтама қағазын және заттай сыйлықтар ұсынады. Жеңімпаздарға мектеп директорымен бірге табыс етеміз. Биылғы жылы мерейтой қарсаңында ауылымыздағы Абай көшесіне асфальт төселіп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілетіні де жанымызды жадыратады.
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» демекші, мақала соңында өзім туралы қысқаша айта кетсем… Мен Т.Әшімбаев атындағы орта мектептің 1970 жылғы түлегімін. 1971-75 жылдары сыртта оқуда әрі әскер қатарында болдым. 1976-2016 жылдар аралығында яғни 40 жыл бойы еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқардым. Зейнеткерлікке шыққаныма 10 жылға жуықтап қалды. Соған қарамастан мектеп тынысынан қол үзген жоқпын. Мектептің қоғамдық жұмыстарына, мектеп әкімшілігінің шақыруымен көптеген іс-шараларға қатысамын. Ауыл, мектеп кітапханасының оқырманымын. 1976 жылдан аудандық «Шу өңірі», облыстық «Ақ жол» газеттеріне жазыламын. «Туған жерге туыңды тік» акциясына қатысып, мектепке қаржылай көмек көрсетіп отырамын. Ауылдың мектеп түлектері, мұғалімдер, мектеп оқушыларының қатысуымен спорттық волейболдан жарыстар өткізіп тұрамын. Жеңімпаз командаларға кубок және ақшалай сыйлықтар табыс етемін. Мектеп кітапханасын әдеби кітаптармен толықтыруға өз үлесімді қосып, бірнеше қазақ жазушыларының ондаған кітаптарын және шетел жазушыларының 18 дана кітабын өткіздім. Ауылды абаттандыруға, көгеріштендіруге де шама-шарқым жеткенше үлес қосып, сенбілік жұмыстардан да қол үзбей келемін.
Әділхан ТОҚТЫБЕКОВ,
зейнеткер ұстаз,
Далақайнар ауылының тұрғыны.

Leave A Reply

Your email address will not be published.