Ақпараттық портал

Заңды фактілерді анықтау – маңызды міндет

Заңдық маңызы бар фактілер дегеніміз – құқықтық нормаларға сәйкес белгілі бір құқықтық салдарға, яғни заңдық қатынастардың туындауына, өзгеруіне немесе тоқталуына себепші болатын нақты бір оқиға немесе бір жағдай. Бұл фактілер заң алдында белгілі бір маңызға ие болып, құқықтық салдардың орындалуын қамтамасыз етеді.
Заңды фактілерді анықтау Азаматтық іс жүргізуде ерекше өндіріс ісіндегі санаттардың бірі, ол істер басқа тұлғалардың мүдделерін қорғау үшін заң бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар азаматтардың, ұйымдардың арыздары бойынша қозғалады. Сотта ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерге заңдық маңызы бар фактілерді анықтау, бала асырап алу, азаматты хабарсыз кетті деп тану, азаматты қайтыс болды деп жариялау, азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану, азаматтық хал актілері жазбаларының дұрыс еместігін анықтау сынды істер жатады.
Аудандық сотта көп қаралатын заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы істердің бірі – азаматтың қайтыс болу фактісін анықтау. Азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесінде медициналық ұйым берген қайтыс болу туралы құжат болған кезде қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу автоматты түрде жүргізіледі.
Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының аумағында кез келген тіркеуші органда жүргізіледі. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылатындар: 1) медициналық ұйым берген қайтыс болу туралы белгіленген нысандағы құжат; 2) қайтыс болу фактісін анықтау немесе тұлғаны қайтыс болды деп жариялау туралы соттың заңды күшіне енген шешімі. Көбіне қайтыс болған азаматтың туыстары медициналық ұйымға жүгінбей, сот-медициналық сараптаманы өткізбейді, сондықтан медициналық ұйым қайтыс болу туралы медициналық куәлікті беруден бас тартады. Медициналық куәліктің жоқтығына байланысты азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесінде азаматтың қайтыс болуы туралы тіркелмейді. Осыған байланысты, марқұмның туыстары қайтыс болу фактісін анықтау туралы арызбен сотқа жүгінеді.
Қайтыс болу фактісін анықтау – құқықтық маңызы бар амал, себебі бұл факт азаматтың құқықтық жағдайын түбегейлі өзгертіп, оның құқықтары мен міндеттеріне әсер етеді. Қайтыс болу жеке тұлғаның өмірінің тоқтауы, яғни азаматтың құқықтық мәртебесінің өзгеруі мен мүлікке байланысты заңды қатынастардың қалыптасуына әкеледі. Осыған орай, қайтыс болу фактісін анықтау азаматтық құқық, мұрагерлік заңнама және басқа да құқықтық салалар үшін маңызды.
Жібек Тажібаева,
Шу аудандық сотының судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.