Сайлау – сауаттылыққа үндейді
Мемлекетке қатысты мәнді мәселелер төңірегінде сөз қозғалса, әрине ел Президентінің Жолдауда айтылған сөздерін айналып өтіп кетпейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін алған күннен бастап бірқатар бастамаларды көтеріп, бұрыннан қатып қалған жүйелерге өзгеріс енгізген болатын. Соның бірі, ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастаманы ең алғашқы Жолдауында алға тартып, бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде бұл жұмыс жүзеге аса бастады.
«Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын осы тетік арқылы нәтижелі атқаруды тапсырған еді. Қолға алған істің жемісі де жоқ емес. Ауыл әкімдерін сайлауға қатысты түрлі іс-шаралар өткізіліп, халықтың көзі біршама ашылғандай.
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің сайлауын ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбында оқыту семинары өтті. Оған Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, комиссия төрағасының орынбасары Талғат Жамалов, Шу аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Ошанов, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшелері, Шу аудандық аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, саяси партия және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Оқыту-семинары басталмас бұрын учаскелік сайлау комиссия мүшелерінің сайлау туралы түсініктерін айқындап алу мақсатында QR арқылы тіркеуден өткізіп, тест тапсырғызды. Залға жиналғандардың барлығы тесттен өткеннен кейін нәтижесі экран бетіне шығарылды. Аталған семинарды Жамбыл облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Салқанұлы жүргізіп отырды.
Оқыту семинарының бағдарламасына сәйкес, Қазақстандағы сайлау жүйесін трансформациялау барысы, жалпыға бірдей сайлау құқығы және «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қала, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округ әкімдерін сайлау бойынша процестегі ерекшеліктері туралы» тақырыбында Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы баяндамасын оқыды. Мұнан кейін «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат ұсыну және тіркеу» және «Әкімдікке кандидаттардың құжаттарын заң талаптарына сәйкесітігін тексеру туралы» тақырып бойынша Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбит Снабековтың, «Бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар арқылы ақпараттандырудың негізгі аспектілері немесе алтын уақыт алгоритмі туралы» тақырыбы бойынша Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Ахат Шошимовтың, «Сайлаушылар тізімін қалыптастыру тәртібі, тізімге енгізу, таныстыру және сайлаушылардың құқығы», «Сайлау алдындағы үгіт, байқаушылар, сенім білдірген адамдар туралы» және «Сайлаушылардың дауыс беретін уақыт пен орны туралы хабардар етудің алгоритмі» тақырыбында Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Стыбаевтың, «Жанжалды жағдайларды басудың медиативті технологиялары» тақырыбында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мейіржан Сембековтың дәрістері тыңдалды.
Бағдарламаға сәйкес тақырыптар бойынша дәрістер тыңдалған соң, сайлау комиссия мүшелеріне кейстік сұрақтар қойылды. Кейбір сұрақтарға төраға жауап бере алмаса, оның орнына хатшыдан сұралды. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының біліктіліктерін арттыруға бағытталған оқыту семинары сертификаттар табыстаумен аяқталды.
Айғаным Асқарбек.