Аудан әкімі Б.Жәнібековтің Алғыс айту күнімен құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары!
Берекесі мен бірлігі жарасқан барша Шу жұртшылығын шуақты көктемнің ең алғашқы мерекесі – Алғыс айту күнімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Алғыс айту күні – тіршілік атауы жанданып, жер-дүние жаңаратын, ұлттық ынтымақтастық пен жерлестердің бір-біріне деген мейірімділігін, достығы мен сүйіспеншілігін көрсететін ерекше күн.
Бүгін барша қазақ халқы бір-біріне деген риясыз көңілін білдіруде. Әр адамның айналасындағы адамдарға деген ізгі ниеті мен жүрек жылуы бұл бір күннің ғана емес, барша ғұмырымыздың басты қағидатына айналуы тиіс.
Құрметті жерлестер!
Қасиетті Шу ауданы бүгінде бірлігі нығайған, татулық пен келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырып, болашағына деген нық сеніммен қадам басқан киелі мекенге айнала білді. Ауданымызда өміршең өзгерістер мен игілікті істер атқарылуда.
Әрине мұның барлығы ынтымақ пен бірліктің, ауызбіршіліктің арқасында деп білемін.
Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, әр отбасыға бақ-береке, бейбіт өмір және табыс тілеймін! Әрбір шаңырақта шаттық шалқып, бірліктің бесігі тербелген берекесі таси берсін.
Мереке құтты болсын!