Алғыс айту
Алғыс жауып, пендеге әлеуметтен,
Наурыз-елді нұрға бөлеп өткен.
Өсекшілер екі елі аузын бағып,
Есепшілер байлықтан дәмелі еткен!
Топырағын көтермей құйын белдің,
Дән қаптасын төсіне биыл жердің.
Құдайдың құдіретіне шексіз алғыс,
Қабыл етсін тілегін дүйім елдің.
…Лашық үйде бір кемпір тұратын ед,
Дауыл соғып лашығын құлатып ед.
Ауылдастар жиналып үй сап берді,
Алланың нұры жаусын, Рахмет!
Өзіндегі беретін бәрін елге,
Біреу үшін түсетін әбігерге.
Өмір үшін ажалмен күресетін,
Мың алғыс ақ халатты дәрігерге!
Көнгенімен жеңілге де, ауырға,
Ел дегенде кеуде тосқан дауылға.
Пайдасы көп тигізетін ауылға.
Рахмет, ер-азамат, бауырға.
Арадағы өкпе назды кешір де,
Ажыратпа ағайыннан дос ірге.
Қайырымды кісілерге мың алғыс,
Қарайласқан елде жетім-жесірге.
Бақ тілеген ауылына ақ таңда,
Шұғылаға оранып жер жатқанда,
Ақ батасын арнап елге тұратын,
Мың рахмет, ақсақалды қарттарға!
Ақ жаулығы жүретұғын желбіреп,
Деп тілейтін: “кетпесінші ел жүдеп”.
Бар алғысты айтам бүгін анаға,
Жер ананы тербететін елжіреп.
Мейірімді жандар елге қуаныш,
Бірге болса, оп-оңай-ақ тынады іс.
Жақсылықты барлық елге жасаған,
Адамдарға қайта-қайта мың алғыс!
Тампылбай МОЛДАҚҰЛОВ,
ақын.