Ақпараттық портал

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Құрметті Отан қорғаушылар!
Қай кезде де орны бөлек күн болып саналатын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесі ер азаматтарымыздың рух-жігерін оятатын мерекелердің бірі.
Сарбаз болып шеп түзеп, сапқа тұрар отандастарымыздың қайсарлығы қашанда бірінші кезекте болған. Олардың күш-жігерін, ақыл-парасатын барлық әлем мойындаған. Халқымыз үшін де ер азаматтың отбасындағы атқарар рөлі, маңызы ерекше.
Мамырдың мамыражай шуағымен ілесіп келген атаулы күннің асқақтығы көңілге қуаныш ұялатады.
Батылдық пен қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншіліктің дәлелі – бүгінгі айрықша мерекеде ырыстарыңыз тасып, зор беделге ие болып жүре беріңіздер.
Отан алдындағы борышын өтеуге атсалысатын, намысы мұқалмас жігіттеріміз көп болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын! Отбасыларыңызға амандық тілеймін, шаңырақтарыңызға құт қонсын! Ел мерейін асырып, құрмет пен азаматтықтың жарқын үлгісі болуларыңызға тілектеспін!
* * *
Ардақты ардагерлер мен тыл еңбеккерлері!
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді бүкіл адамзат қауымына аса қымбат мереке – 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кешегі қайсар рухты жауынгерлеріміз сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, жанған от пен жауған оқтың ортасына түсіп, кең-байтақ жерді қорғады. Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерліктері мәңгі ұмытылмайды. Бұл Жеңіс – бүкіл соғысқа қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі.
Отан соғысының оқ бораған даласында ерлігі мен батырлығын көрсеткен Шу өңірінің 11 мыңға жуық азаматы жеңіс шыңына жету жолында аянбай үлес қосты. Сол бір ел басына күн туған жылдары Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа тосқан жерлестеріміздің есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
Атап айтқанда, жерлестеріміз Саттар Естемесов пен Сәду Шәкіров Кеңес Одағының батыры атанса, Михаил Перепелов жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері бола білді. Біз бүгін аттары аңызға айналып, халқының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген басқа да жерлес батырларымыздың есімдерін мақтанышпен еске аламыз, біз оларды әрдайым ардақ тұтамыз.
Тарихы тамырлас, тағдыры бауырлас көпұлтты еліміздегі тыныштық пен тұтастықтың түбірі де осы бір атаулы күннен бастау алса керек. Олай болса, бұл күн барша отандастарымыз үшін аса қастерлі мерекеге айналған салтанатты күн.
«Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» – дейді дана халқымыз. Отанға деген махаббат, жеңіске деген құштарлық пен қуатты рух, достық пен ынтымақ – Ұлы Жеңістің негізі болды.
Қадірлі қауым!
Бүгінгі өскелең ұрпақты береке-бірлікке, тату тірлікке тәрбиелеп жүрген ардагерлерге айтар алғысымыз шексіз. Олар жасаған ерлік ескірмейді, ұрпақтар сабақтастығымен жаңғыра береді. Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын!
Бақытжан Жәнібеков,
Шу ауданының әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.