Отан қорғаушылар күні аталып өтті
Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына тура 33 жыл. Еліміздің еншісіне егемендік тигеннен төл әскеріміз жасақталып, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні болып белгіленді. Сол сәттен бері айбынды армия дамудың түрлі сатыларынан өтіп, қауқары мен қайратын күшейтіп келеді. Бұл – мемлекеттің қорғаныс саласына бөліп отырған қомақты қолдауының жарқын дәлелі.
Кешегі батырлар мен баһадүр бабалардың мұрагерлерін қалыптастыру еліміздің патриотизмін нығайтуға өз септігін тигізетіні анық. Сондықтан осы мақсатта жыл сайын іс-шаралар өткізіліп, айбынды мерекенің абыройы еселене түседі.
Жылдағы игі дәстүрге сай Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын аудандық мәдениет үйінің төрінде өткен болатын. Аталған жиынға аудан әкімі Б.Жәнібеков бастаған аудан активі қатысып, бірқатар азаматтар құрметке бөленді.
Өз кезегінде аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, оның түпкі мәніне тоқталды. Сондай-ақ жүрекжарды лебізін жеткізді.
-Бұл – әрбір азамат үшін ерекше мәнге ие, жүрекке жылы, рухты көтеретін мереке. Өйткені Отан қорғау – қай кезде де ең ұлы, ең қасиетті борыш. Ел басына күн туғанда найза ұстап жауға шапқан бабалар жолын жалғаған бүгінгі сарбаздар мен офицерлер – ұлттың нағыз ұландары, тәуелсіздіктің тірегі. Бүгін біз халқымыздың азаттығы мен амандығын қорғап жүрген барша азаматтарға алғыс айтып, әскери қызметтің маңызын ерекше атап өтеміз. Туған жердің тұғырын биік ұстау – ерлерге тән міндет. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында еліміздің шекарасы мықты, бейбіт өмірдің таңы арайланып атады, – деді аудан әкімі.
Мұнан кейін марапаттау рәсіміне кезек беріліп, ауданның өсіп-өркендеуіне, оның ішінде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Марапаттардың тағы бір шоғыры аудандық мәслихат пен «Amanat» партиясының өңірлік филиалы тарапынан берілді.
Салтанатты жиын соңы аудан өнерпаздары ұсынған сазды бағдарламаға ұласып, көрермен назарына отансүйгіштік сезімді шалқытатын әндер ұсынылды.
Байжан Емберді.