Ақпараттық портал

Кітап оқудың маңызын ұқтырған күн

Кітап — нәзік те тұнық әлем. Ол — білімнің түпсіз аспаны, терең бастауы. Ұлтымыздың мерейі мен рухани деңгейінің айнасы — қоғам мен мемлекетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосатын баға жетпес қазына.
Биыл киелі Әулиеата өңірі кітап оқитын өңір болып жарияланды. Осы жоба аясында Тасөткел ауылдық кітапханасында «Жаңа кітап, жаңа әлем» атты оқу алаңы ұйымдастырылды. «Кітап — ақылдың азығы, жанның шуағы» деген даналықты ұстана отырып, шараның мақсаты — оқырмандарды ақын-жазушылардың шығармаларымен таныстыру, ұлы ғұламалардың нақыл сөздері мен тарихымызға деген қызығушылығын оятып, кітап оқуға деген құштарлықты арттыру. Сонымен қатар, кітап оқу арқылы балалардың сөздік қорын байытып, ой-өрісін дамыту, рухани байлығын толықтыру көзделді.
Шараға Ш.Мұртаза орта мектебінің оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты. Шара барысында оқырмандарға білімнің кітап арқылы берілетінін түсіндіре отырып, кітап туралы түрлі қызықты деректер айтылып, оқушылармен бірге рухани қазынамыз — кітаптың құндылығы мен мәртебесі туралы кеңінен әңгіме өрбіттік. Оқушылар сүйікті кітаптарымен бөлісіп, өз ойларымен, әсерлерімен ашық бөлісті. Сондай-ақ кітапхана қорына қосылған жаңа әдебиеттерге тоқталып, ақпарат берілді. Оқырмандар өздерінің оқыған кітаптары жайлы, ондағы жазылған қызықты оқиғалар туралы ойларын жеткізді.
«Кітап — алтын қазынам» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасалып, жасөспірімдерге арналған көркем әдебиет, аңыз әңгімелер, хикаяттар, әңгімелер жинақтары таныстырылды. Кітап көрмесі қызықты кітаптармен оқырмандардың зор қызығушылығын тудырды.
Лаура Жақыпова,
Тасөткел ауылдық кітапханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.