Әдеби әлемге бойлатқан кеш
Ежелде бір ойшыл «Кітап – көп ақылдың құйылған көлі» деген екен. Бұл лебізге лажсыз келісуге болады. Сонымен қатар бұл сала мамандарына санқырлы жауапкершілік жетпейтіні рас.
Соңғы уақытта «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы кең көлемде қолға алынып, оның аясы ауыл-аймақтағы кітапханаларды қамтуда. Соның айқын көрінісі, жуырда Сауытбек ауылдық кітапханасында баянды бастаманы жүзеге асыру мақсатында «Әдеби әлемнің жарқын жұлдыздары» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті. Шараның көздеген мақсаты – қазақ әдебиетін кеңінен насихаттау, рухани мұраны сақтау, отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, заманауи әдебиет пен поэзияға оқырманның қызығушылығын арттыру.
Биыл «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы жауһар жазушы Тәкен Әлімқұлов пен адуынды ақын Жұмекен Нәжімеденовтің туындыларын талдауға шақырып отыр. Осыған орай Алға орта мектебінің 8 сынып оқушыларының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығына шолу жасалған болатын.
Басқосу барысында төл әдебиетімізде өзіндік қолтаңбаларын қалдырған қос автордың шығармаларын ел болып оқу қажеттігі айтылды. Сонымен бірге Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденов – бұл есімдер қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихында алтын әріппен жазылатындығы еске салынды.
Оқушылар қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығына тоқталып, өмірдің өзін көркем бейнелеген ақын, жазушы, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұловтың «Замана екпіні», «Көкек айы», «Күрең өзен» деген кітаптары мен Абай Құнанбаев туралы жазған «Жұмбақ жан» атты зерттеуі туралы сөз қозғады.
Сондай-ақ Мемлекеттік Гимн «Менің Қазақстаным» әнін жазған, көрнекті қаламгер, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өмірі мен шығармашылығына шолу жасалып, оқушылар талантты аудармашы ретінде де қазақ әдебиетінде терең із қалдырған, 2010 жылы «Менің Қазақстаным» өлеңдер мен поэмалар жинағы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясынан үзінділер оқыды.
Г. Жанабаева,
Сауытбек ауылдық кітапханасының кітапханашысы.