Ақпараттық портал

Білім көшін сүйреген білікті көшбасшы көпке үлгі

Мектеп директоры болу – сырт қараған адамға қолына билік алып, өзіне бағынысты ұжымға өктемдік жүргізу, шікірейіп орындықта отыру секілді көрінуі мүмкін. Әсте, олай емес… Бір мектеп директорының бойында бірнеше мамандық тоғысып, бала жанының бағбаны бола біліп, мектептің тыныс-тіршілігіне кеңінен жол салатын бесаспап болуы тиіс. Өмірлік тәжірибемізде бір оқушы мектеп табалдырығын аттап, мектептен түлеп ұшқанға дейінгі аралықта мектеп директорын тек алғашқы және соңғы қоңырауда мінберде тұрып сөз сөйлейтін жан ретінде ғана көретін сәттер жиі ұшырасады. Тіпті, мектебі мүйізі қарағайдай тұлғаның атымен атала тұра сол тұлғаны тереңінен танымайтын, тануға талпынбайтын директорлар да жоқ емес.
Ал, бүгін біз сұхбаттасқалы отырған кейіпкеріміз – өзі әрқашанда ізденіс үстінде жүретін, ғылыми жобалардың майын ішкен, мектеп ғимараты ескі болса да әр бұрышын жаңғыртудан аянбайтын, мықты профессор-академиктермен ынтымақтастық орната білетін, ең бастысы өскелең ұрпақтың білімді болуына барын салатын, оқушымен тең отырып ғылыми жобалар жасайтын білікті директор Жанғарашева Ардақ Төлепбайқызы.
-Ардақ Төлепбайқызы, директор дегеніміз мектептің бас мұғалімі дегенді тереңінен түйсінген жансыз. Әлі де оқушылармен түрлі деңгейдегі жобаларды жасап, жоғарыдан көрініп жатырсыздар. Жуырда ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың марапатын алып қайтыпсыздар. Сол туралы айтып берсеңіз.
-Иә, шын мәнінде бала жанының бағбаны болып еңбек етіп, мұғалімдік жолда тер төгу – бізге артылған жүк. Кез келген шәкірттің дарынын танып, неге бейім екенін анықтап, таланты мен талабын ұштастырып, білім мен ғылымға қарай бағыттау да үлкен өнер. Қазақстанның болашағы білімді ұрпақпен жарқын болатынын ескерсек, соған тамшыдай болса да үлесімді қоса алсам, азаматтық парызымның орындалғаны деп білемін. Осы уақытқа дейін әр жылдардағы шәкірттеріммен ғылыми жобаларды жасап, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейге дейін танылып келеміз.
Ал, биылғы оқу жылында да толағай табыстарымыз жоқ емес. Баршаға белгілі, республикамыздың барлық білім ошақтарында “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарламаның өн бойы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында, Үндеуінде айтылған әр сөзбен астасып жатыр. Біртұтас тәрбие бағдарламасында оқушыларды әр қырынан жетілдіруге бағытталған түрлі жобалар бар, соның бірі әрі бірегейі “Қамқор” жобасы. Қамқор жобасының бір арнасы табиғатқа қамқорлық таныту болса, Президентіміздің де мемлекет тізгінін қолға алған күннен бастап “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясын жариялауының да мәні осы жобамен біте қайнасып жатқандай. Біздің мектептің оқушылары да экологиялық ахуалды жақсартуға ден қойып, қалдық заттарды кәдеге жаратып, мектеп төңірегін жасылдандырып, су және энергия көздерін үнемдеуге атсалысып, қоршаған ортаның тазалығына мән беруді бірінші орынға қойып, әртүрлі жобаларын жүзеге асыруда. Жетістіктер де жоқ емес.
Соның бірі, 2024-2025 оқу жылы ішінде “The Ulytau Educational Foundation” қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өткен “Туған жерге – қамқорлықпен” атты экомарафонына Төле би атындағы орта мектебінің 7-10 сынып оқушылары қатысқан болатын. Атап айтсақ, Меделбай Асфендияр Елдарұлы, Оразалы Нұргүл Өркенқызы, Төлеуқұл Рауан Нұрланұлы, Бердаул Нұрмұхамед Арнұрұлы, Сүйеналы Ерсұлтан Айтуұлы “Green School” тақырыбында ғылыми жобаларын қорғап, жүлделі бірінші орынды иеленіп, 902 500 теңге қаржылай сыйлығын жеңіп алған еді. Бұл жетістік өз кезегінде оқушыларымызды жігерлендіріп, шабыттандырып, ары қарай жобаны дамытуына жол ашқан болатын.
Жоғарыда аталған экомарафон жоғары биліктің тікелей бақылауында болғандықтан, жуырда ғана елорда төрінде өткен “Балалар Таза Қазақстан үшін!” республикалық экофестиваліне шақырылдық. Оған мектебіміздің 9 сынып оқушысы Оразалы Нұргүл екеуіміз қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы бағалы сыйлығын және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталып қайттық. Міне еңбектің, ізденістің арқасында алақандай Шу ауданының оқушылары биіктерден көрініп, Президентіміздің марапатын алу бақытына бөленіп жатқандығы біз үшін үлкен мәртебе. Осы жобаларымыз алдағы уақытта жалғасын тауып, жемісін береді деген үміттеміз. «Жасыл мектеп» жобасы – өте құптарлық іс. Өйткені бұл бір жағынан, білім алушылар үшін эстетикалық тәрбие десек, екіншіден, әрбір баланың еңбекке деген құштарлығын оятқаны анық. Бұл – әрине, өзге де білім ошақтарына үлгі боларлық бастама деп білемін.
-Сіздердің тағы да ауыз толтырып айтар жетістіктеріңіз бар екендігін көпшілігі біле бермейді. Осы тұста бірнеше университеттің академик-профессорларымен ынтымақтастық орнатуларыңыздың мәнін айтып өтсеңіз.
-Қазақ халқының төбе биі саналған от ауызды, орақ тілді Төле би бабамыздың атымен аталатын мектебімізге небір ірі тұлғалар, қоғам қайраткерлері, ұлт жанашырлары келіп, игі істің дәнекері болғандығын мақтанышпен айта аламыз. Өскелең ұрпаққа саналы ғұмырында өзін қалыптастырып, жоғары дәрежеге ие болған жандарды үлгі етуге жол салсақ, оқушыларымыз да биікке ұмтылары сөзсіз. Біздің Төле би атындағы орта мектебі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтымен, Ұстаз университетімен, Т.Бигелдинов атындағы әскери институтымен, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетімен меморандумға қол қойған.
Меморандум шеңберінде тараптар педагог кадрларды бірлесіп даярлап, олардың біліктілігін арттырып, оқытуда тәжірибе алмасып, білім беру стандарттары мен оқыту әдістерін әзірлеуді жоспарға енгізіп, жолға қойған. Сондай-ақ мектебіміздің түлектері өз мамандығын тауып, одан ары жұмысқа орналасып кетуі бойынша бірлесіп жұмыс істеп, білім алушылардың кәсіптік практикасын жүзеге асырып, бірлескен білім беру – ғылыми іс-шараларын іске асыру көзделген. Мектебімізде аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық конференция, семинарлар өтіп тұрады.
Қазіргі таңда мектебіміз 3 академикпен, яғни Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызымен, Әліпбеки Оңғарбек Әліпбекиұлымен, Абаева Құрманкүл Төлеутайқызымен тығыз қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс жүргізіп отыр. Біздің білім ордасында «Мектеп – жоғары оқу орнындағы ынтымақтастық байланысы: инновация, коллаборация және технология» атты педагогикалық форум ұйымдастырылып, бұл басқосуға облыстың, ауданның білім беру бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, жаңашыл ұстаздар және жоғары оқу орындарының белді ғалымдары қатысқан болатын. Осы ауқымды шарада М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының және Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісінің иегері, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, «А.Байтұрсынов» атындағы алтын медальдің иегері, 2 дүркін ЖОО-ның үздік оқытушысы Бұзаубақова Клара атындағы дарынды оқушыларға арналған Кіші Академия ашылғандығы да ауыз толтыра айтар жетістігіміздің бірі әрі бірегейі.
-Сіздің білім ошағында бірнеше авторлық кітаптың тұсаукесері өткендігін де жақсы білеміз. Өзіңіздің мектепті ғана өрге сүйремей, аудандағы білім ошақтарының тәжірибелі мұғалімдерінің де оқу-әдістемелік құралға негізделген еңбектерін топтастырып шығаруға атсалысып жүрсіз. Бұл игі істер алдағы уақытта жалғасын таба ма?
-“Білімің болса дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халыққа қызмет етпей” демекші, өзіңе ұнаған саланың қыр-сырын білу бір бөлек те, білгеніңмен бөлісу тіптен бөлек. “Ізденген жетер мұратқа” демекші, өз мамандығыңның ой-шұқырын зерделеп, жүріп өткен жолдардағы іс-тәжірибеңді тірнектеп жинап, оны бір жинаққа топтастыра білу де үлкен еңбекті талап етеді. Біз барынша тәжірибемізбен бөлісіп, көп мұғалімге жол сілтедік, оның ары қарай жалғасын табуы жігерлі жандардың өз еркінде.
Біздің заман дамыған, жаңарған заман, ақпарат ағыны желдей ескен заман. Қазіргі уақытта ізденіс үстіндегі көп жандар интернет ресурстарындағы ақпарат көздеріне көптеп жүгінеді. Әйтсе де толыққанды мәлімет табу қиынның қиыны. Сондайда кітапханаға жүгінеді, оның үстіне өткен ғасырлардағы кітаптарға жүгінеді. Ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманы десек те, кітап шығару ісін кенжелетуге, не ұмыт қалдыруға әсте болмайды. Егерде бүкіл дүние жүзінде жарық бір сәтте тоқтап қалар болса, ақпарат көздері де солай жоқ болмақ. Ал қағаз беттерінде қалған дүниелер ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын таба бермек. Әсіресе ел болашағы саналатын білімді ұрпақты тәрбиелеуге бағыт-бағдар беретін әдістемелік құралдарды жиі шығарып отыру да білім саласындағы жандарды жетілдіре бермек. Сондықтан да жоғарыда аты аталған жандардың еңбегін лайықты түрде бағалап, игі істің жалғасын табуына септігімізді тигізіп, өзіміз де құнды дүниелер қалдыру жолында тер төгуіміз бек қажет.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.