Ақпараттық портал

Мемлекеттік қызметкердің жүгі ауыр

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттік органда белгіленген тәртіппен ақы төленетін қызметті иеленген және мемлекеттің міндеттері мен қызметін іске асыру мақсатында қызметтік өкілеттігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы секілді. Әдеп кодексін сақтау – мемлекеттік қызметшінің міндеті. Қоғам адамдардың қауымдастығы болғаннан кейін, мұнда адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, әр ортада белгілі бір этикетті сақтайды. Әдеп кодексінің басты міндеті – сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар. Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттің аппаратының беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану деген алты қағидатқа негізделеді. Мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрыс ережелері қызметтік әдеп стандарттарында. Мемлекеттік қызметшілер қарапайым болуға, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға міндетті. Азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік танытуы, дөрекілік, кемсіту, әдепсіздікке жол бермеуі тиіс. Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті. Оның ішінде қызметкер сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын алға тартпайтын және жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын адал, сабырлы, салмақты болуы тиіс. Өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмауға міндетті.
Мемлекеттік қызметші болу – зор мәртебе, сондықтан мемлекеттік қызметші кәсіби біліктілікпен қатар, адамгершілік қасиеттерге де ие болуы тиіс. Мемлекеттік қызметшінің этика ұғымы қызметкердің жеке қасиеттерімен байланысты, олар: дұрыстық, мәдениеттілік, обьективтілік, жұмысқа шығармашылық көзқарас, күйзеліске төзімділік, саяси және әлеуметтік эрудиция сияқты қасиеттермен сипатталады. Демек, мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы барлық азаматтар үшін мінез-құлық үлгісі болып табылады, сондықтан мемлекеттік қызметшіге ерекше талаптар қойылады, оларды сақтамау оның мемлекет және азаматтар алдындағы жауапкершілігіне әкеп соғуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметші ең алдымен Қазақстан Республикасының Конституциясын және оның қызметін реттейтін заңнамалық және ішкі тәртіптік ережелерін сақтауға міндетті.
Ата-бабаларымыз ар-абыройды баға жетпес құндылыққа балаған, пайданы ойламай, арды ойлаған. Адам үшін ар-ұждан бәрінен қымбат, бәрінен биік. Осы түсінікті әрбір мемлекеттік қызметші көкейіне құйып, өмірлік ұстанымына айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мемлекеттік қызметшіге жүктелген міндет – халықтың сенімін ақтап, Отанға қалтқысыз қызмет ету. Сонда ғана еліміз дамыған елдердің қатарына енеді. Мақсатқа жетуді бүгіннен бастасақ, еліміздің болашағы жарқын болмақ.

А.Аргинбекова,
Шу аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-бас қазынашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.