Ақпараттық портал

Бүгін мен болашақ көпірі орнатылды

Теория мен тәжірибе ұштасқан тұс жетістіктің жолы екені талай мәрте дәлелденген дүние. Сондықтан айтып қана қоймай, айтылғанды амалға асыру- қазіргі таңдағы басты мәселе. Осы үдеден шығып отырған білім ордасының бірі – Сәду Шәкіров атындағы орта мектебі.
Кеңес Одағы батырының ныспысын иемденген мектеп шәкірттерінің шығармашылығын шыңдап, ғылымға жол ашуды жүйелі түрде қолға алған. Оны біз жуырда ғана өткен «Стратегиялық әріптестік: Мектеп-ЖОО» атты ашық кездесуінде аңғардық.
Мектеп директоры Құндызай Иманқұлованың айтуынша, бұл шараның мақсаты – мектеп пен ЖОО арасындағы стратегиялық әріптестік орнату арқылы мұғалімдердің кәсіби өсуі мен білім сапасын арттыру. Ал құрметті қонақтар қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің педагогика кафедрасының меңгерушісі п.ғ.д., профессор, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі, Қазақстан Педагогика Ғылымдарының академигі Клара Бұзаубақова бар. Сондай-ақ аудан мектептерінен меймандар қатысты.
Ең алдымен шараға қатысушылар мектеп ауласында орын тепкен шағын жылыжайдың ашылуына куә болса, кейін Ә. Адамбекованың жобасы «Технопарк» ғылыми жобалар көрмесі көпшілікке таныстырылды. Онда оқушылардың жылдар бойы жасаған жұмыстары назарға ұсынылды.
Одан соң Клара Жайдарбекқызы TEDx алаңының төрінен табылып, төл тәжірибесінен сыр шертті. Мәртебелі мейман өз сөзінде қазіргі таңда қолға алынып жатқан жұмыстар, ғылымдағы жаңалықтар мен педагогикаға қатысты тың тәсілдер туралы тарқатты. Сонымен қатар бірқатар сауалдарға жауап беріп, кәсіби бағдарлануға қатысты ойын ортаға салды.
Өздеріңізге мәлім болғанындай, С.Шәкіров атындағы орта мектебі тамырын тереңге жайған білім ошағы. Оның бүгінге дейінгі тынысы мектептің мұражайынан орын тепкен. Сондықтан маңызды шараға келген қонақтар мұражайға бас сұғып шықты. Деректерді тарих пәнінің мұғалімі М.Хакимова таныстырды.
Шараның ең өзекті тұсы аталмыш орта білім ошағы мен облыстағы Ұстаз университеті әріптестік байланысты бекіту мақсатындағы екі жақты меморандумға қол қоюы болды. Онда мектеп директоры Құндызай Жұмаханқызы мен Клара Жайдарбекқызы құжатқа қол қойып, бірлесіп еңбек етуге уағдаласты.
Кездесу соңында жиын қорытындысы жария етіліп, шараның соңы мектеп өнерпаздарының сазды бағдарламасымен түйінделді.
-Бүгінгі маңызды сәт — мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы меморандумға қол қою сәті сәтті аяқталды. Бұл құжат – болашақтағы бірлескен жобаларға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын берік көпір болмақ. Бұл дегеніміз – кәсіптік бағдар беру – жоғары оқу орны мектеп оқушыларына мамандықтар туралы ақпарат беріп, бағыт-бағдар көрсету, тәжірибе мен тағылымдамалар – мектеп мұғалімдері мен оқушылары ЖОО базасында тәжірибеден өте алуы, ғылыми жобалар – оқушылар мен студенттер бірлескен зерттеулер мен конкурстарға қатыса алу, олимпиадалар мен іс-шаралар – бірлескен білім сайыстары мен мәдени іс-шаралар ұйымдастыру негізінде құрылған, мектеп пен ЖОО арасындағы ынтымақтастық ресми түрде бекітілді деген сөз,-дейді мектеп директорының орынбасары М.Спанова.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.