Мәдениет майталмандарының мәртебесі асты
Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні кәсіби мереке ретінде 2013 жылдан бері тойланып келеді. Он жылдан астам тарихы бар мерекенің түпкі мәні шығармашылық адамдарына деген айрықша құрмет көрсетіп, олардың жанкешті жұмыстарына алғыс білдіру.
Өңірімізде де жүзден аса жерлесіміз өмірін осы маңызды салаға арнап, ауданның әлеуметтік-экономикалық һәм рухани дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Өздерінің төл мерекелері қарсаңында бір топ мәдениет және өнер қызметкерлері ауданның атқарушы билігі тарапынан марапаттарға қол жеткізді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев мінберге көтеріліп, мереке иелеріне ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ бұл шараға аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, депутаттар мен «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбеков қатысты.
-Бұл күн – руханиятқа қызмет етіп жүрген, ел рухын көтеріп, өнер мен мәдениеттің жаршысы болған барша жанға деген алғыс пен құрметтің күні. Шығармашылық жолда жаңа табыс, шалқар шабыт тілейміз,-деді аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы.
Мұнан соң марапаттау рәсімі өтіп, бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болып, естелік сыйлықтарды алды. Одан бөлек, аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының директорлары, аудандық мәслихат депутаттары Ғ.Қойбағаров пен М.Шаймерден сый-сияпаттарды тарту етті. Бұған қоса, сала мамандарының тағы бір парасы мәслихат пен аталмыш партияның марапаттарын иемденді.
Салтанатты жиын соңы аудан өнерпаздарының сазды бағдарламасымен түйінделді. Өздеріне көрсетілген қошеметтің бір үзігін сезінген мереке иелері көтеріңкі көңілмен тарқасты.
Байжан Емберді.