Мерейлі белес
Жуырда ғана тәуелсіз еліміз әлемдегі көптеген мемлекеттермен бірге Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтті. Фашистермен бетпе-бет келген қанды қырғында қазақстандықтар да бой көрсетті. Бірқатар жерлестеріміз майдан даласында қаза тапса, соғыстың соңғы күніне дейін жан алысып, жан беріскен қаһарман жерлестеріміз туған мекендеріне майданның мөріндей болған тән жарасымен ғана емес, жан жарасымен де оралды. Қалай десек те, әр саналы адам осы қан майданда от кешкен ата-бабаларымыздың рухына тағзым етуі маңызды. Өйткені, бүгінгі бейбіт өмір сол батыр бабаларымыздың жеңісінің жемісі. Сол себептен, әр жыл сайын 9 мамырда соғыс ардагерлері мен оның қатысушыларының ерен ерлігіне құрмет көрсетіліп, рухына тағзым етеміз.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Қазақ хандығының құрылғанына яғни, елдігіміздің іргетасы қаланғанына 560 жыл толса, осы жылдың тамыз айында еліміздің ең басты Заңы – ҚР Конституциясының қабылданғанына 30 жыл. Осы жылдар ағымында «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетінің тілшісі әрі кең-байтақ Отанымыздың ең көрікті түкпірінің тұрғыны ретінде аудандағы жалғыз баспа басылымына 90 жыл толып отырғандығын да ерекше атап өткім келеді. Иә, біздің газетіміздің алғашқы нөмірі бүгінгі күннен тым жырақта, яғни, 1935 жылдың 16 маусымында жарық көрді. Бүгін, міне, 90 жыл! Өзімнің аудандық газетте қызмет еткен жиырма бір жылым маған тек бақыт сыйлады. Бұл шын мәнінде ұмытылмайтын кезең. Содан бері қанша жыл өтті, осы жылдарда қанша адаммен ұшырасқанымды тізіп шығу мүмкін емес. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында ауданымыздың даңқты газетінде қызмет еткен Сергей Романович Рахманов, Сергей Степанович Калашников сынды журналистиканың көрнекті тұлғаларымен қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Умэлс Шоқалақов, Жахан Қожағұлов, Ахметжан Қосақов есімді майталман мамандардан қызметтің қыр-сырына қатысты көп нәрсе үйрендім. Менің кәсіби шыңдалуыма өзінің фотоаппаратымен аудан тарихында өшпес із қалдырған Пётр Норкин есімді азамат ерекше үлес қосты. Редакция ардагерлері Еңлік Бұралқиева мен Тампылбай Молдақұловтардың келелі кеңестерін еш уақытта ұмытпаймын.
Ал, қазіргі кезең мүлдем басқа, талап та өзгеше. Журналистерге газеттің кезекті нөмірін жарыққа шығару үшін бұрынғыдан да жан-жақты әрі жедел әрекет ету маңызды. Бүгінде газеттің сенімді қолда екендігі мен үшін жан тыныштығын орнатады. Өйткені, мұнда Руслан Искаков және Динара Батырхаирова сынды тәжірибелі журналистер қызмет етуде. Сондай-ақ, операторлар Светлана Қожамұратова мен Назгүл Байбатшаеваны әрқашан алғы шепте тұратын, өз ісінің нағыз майталмандары ретінде атап өтуге болады. Жас әрі талапты редактор Ерғали Қартайған газеттің әр нөмірін жан-жақты және тыңғылықты жоспарлайды. Қазіргі таңда газеттің көлемі, дизайны өзгеріп, түрлі-түсті әрленіп, тамаша тартымдылықпен жарыққа шығады. Айғаным Асқарбек, Байжан Емберді есімді жас мамандардың да түрлі мақалалары көз қуантады. Әзірге менің жас әріптестерім редакцияның басты құндылығын сақтап, тағлымды оймен жұмыс жасауды одан әрі жалғастырып жатқанда газеттің көрер жарығы әлі де мол деп айтуға толықтай негіз бар. Талай тарихи сәттер мен жағымды жаңалықтардың жаршысы болған «Шу өңірі» – «Шуская долина» газеті өзінің тұрақты оқырмандарын қуантуды әлі де жалғастыра беретініне де сенім мол. Өзімнің сүйікті газетім мен оның шығармашыл ұжымының әр игі бастамасына тек сәттілік пен табыс тілеймін. Газетіміздің ғасыр тойы тойлансын!
Нұржан Қадырбеков,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.