Заңсыз төленген сыйлықақы мемлекеттік бюджетке қайтарылды
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен тұрақты негізде мемлекеттік органдардың тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуына қатысты талдау жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен қызметкерлерге сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидаларының талаптарымен сыйлықақы беруге құқық беретін қызметкердің қызметінің нәтижелерін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер белгіленген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде немесе тиісті органда бір айдан кем жұмыс істеген болса немесе сынақ мерзімінен өту кезеңінде мемлекеттік қызметшілерге сыйлықақы берілмейді. Алайда, жүргізілген талдау нәтижелерімен жергілікті атқарушы органдардың тарапынан мемлекеттік қызметшілерге сыйлықақы беру барысында заңнама талаптары бұзылғандығы анықталған.
Бұл ретте, департаменттің ықпал ету шараларының нәтижесінде 4 мемлекеттік қызметшінің заңсыз алынған 3 млн. 400 мыңға жуық теңгені құрайтын сыйлықақысы мемлекеттік бюджетке қайтарылды. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуы департаменттің басты назарында.
Р.Шарипов,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы.