Ақпараттық портал

«Шудың бағасы у екен» немесе шарықтаған бағаны кім ретке келтіреді?

Күн өткен сайын күнделікті тұрмыстық қажеттіліктер көбейіп, қымбатшылық та қанат жайып барады. Мемлекеттік жұмыс орындарындағы жалақы, әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақы көлемі айтарлықтай артып жатпаса да, базар мен дүкен сөрелеріндегі баға шамадан тыс шарықтауда. Әр жыл сайын аталған жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы көлемі 30-40 пайызға өсетін болса, азық-түлік бағасы екі есе көтеріліп шыға келетіні жасырын емес. Базар болған соң саудаласып, ара-тұра «Неге қымбат?» деп сұрай қалсаңыз, «Өзіміз қымбатқа сатып аламыз, үстіне қосатынымыз тиын ғана» деген жауап естисіз де, «сонда бұлар қайдан сатып алады, олардың сатып алған орны неге мұнша қымбат, делдалдарға бақылау жасауға құзырлы органдардың шамасы жетпей ме, әлде бұл мәселе төңірегінде де өзара сыбайластық орныққан ба?» – деген ойға қаласыз.

Соңғы жылдары өз өңіріміздегі азық-түлік бағасының қымбаттағаны соншалық, байқап отырсаңыз, ең төменгі жалақы алатын отбасының бір айлық жалақысы немесе көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы сомасы айдан-айға жететін азық-түліктен артылмайды. Мысалы, көп балалы отбасылар үшін бір айлықтан екінші айлыққа дейін толық жететін азық-түлік алу үшін кемінде 100 мың теңге жұмсалады. Сонда ол балалардың киім-кешегі, жүріс-тұрысына жол ақысы, арасында демалыс орындарына баруы сынды мәселелер екінші кезекке ысырылады. Кезек келгеннің өзінде бар ақшаны үнемдеп, тиыннан теңге құрастырған жағдайда ғана екінші кезектегі мәселе шешімін табуы мүмкін. Қарапайым халық үшін бұл – әйтеуір, өлместің күні. Оның басты себебі, жоғарыда айтып өткендей, әрине қымбатшылық.
Оған қоса, біздің ауданымызда киім-кешектің бағасы да аспандағы айды сұрайды. Бағасына сапасы сай келмейтін киімдер үшін қыруар ақшаң жұмсалады. Сатушылар өздері сатып алған көтерме бағаның үстіне екі-үш есе құн қосып сататынын екінің бірі біледі. Сол себептен, ыңғайы келсе аудан тұрғындары көп жағдайда киім-кешек, өзге де материалдық қажеттілік үшін Тараз немесе Алматы қалаларына жол тартады. Ал, жергілікті сатушы кәсіпкерлер қымбатшылықты осылай өздері қолдан жасайды да, «сауда жоқ, күні бойы ешнәрсе сатпадым» деп налып отырады. Бұл киім-кешек пен материалдық қажеттіліктің құнына бақылаудың мүлдем жоқтығын аңғартады. Мүмкін болып та көрмеген шығар және алдағы уақытта да болмайтынына күмән жоқ. Өйткені, жергілікті билікке қарасты құзырлы орган өкілдеріне жолығып, осы мәселені қанша рет көтергенімізбен, айтатындары «Кәсіпкерлерге заң аясында биылғы жылға дейін мараторий жарияланғандықтан, біз олардың кәсібіне ешқандай тексеріс жүргізе алмаймыз» деген жауап қана. Бұл, бір жағынан, билік өкілдері үшін жеңіл жауап, мәселені жылы жауып қоюдың оңай жолы болғандай.
Осыған орай, жуырда біз бұған дейін жергілікті жерде азық-түліктің, яғни әлеуметтік маңызға ие (ұн, сұйық май, күріш, макарон, қарақұмық, қант, картоп, сәбіз, пияз, тағы басқа) 19 тауар түрінің шекті бағасын бекітіп, сол бойынша сауда нүктелерінде бағаға бақылау жүргізуге күш салып келген өңірдегі статистика басқармасының мамандарына жолыққан едік. Олар соңғы жылда бұл іспен айналысуға шектеу қойылғандықтан, бұл мәселеге араласпайтындығын, баға тұрақтылығы бойынша аудан әкімдігінің тиісті мамандары жұмыс жасайтындығын жеткізді.
Ал, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев:
-Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызға ие 19 тауар түрінің шекті бағасы облыс көлемінде бекітіледі де, ол бізге берілмейді. Соңғы жылдарда орын алған өзгерістерге сәйкес қазіргі уақытта біздің бөлімнің мамандары сатушы, жеке кәсіпкерлер арасында тек түсіндіру жұмыстарын жүргізумен шектеледі. Сол себептен, қандай да бір сатып алушы яғни тұтынушы азық-түлік бағасына қатысты қымбатшылықты байқаған жағдайда, облыс орталығындағы Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне мемлекеттік органдарға өтініш беруге бағытталған «Е-өтініш» электрондық қызметі арқылы байланысып, сатып алынған тауар бағасының түбіртегін көрсете отырып, өтініш қалдыра алады. Мұнан кейін белгілі бір мерзім ішінде департамент мамандары тіркелген арыз-өтініш бойынша ауданымызға келіп, арызда көрсетілген сауда нүктелеріне тексеріс жүргізеді. Заңбұзушылық орын алған жағдайда кәсіп иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңының 204-бабына сәйкес айыппұл салынады. 2025 жылға дейін мұндай заң бұзушылық үшін ескерту жасау ретіндегі тәртіптік шарасы қолданылып келсе, ағымдағы жылдан айыппұл салу қарастырылған,-деп түсіндірді.
Сондай-ақ, бөлім мамандарының айтуынша, ауданымызда өткен жылы азық-түлік бағасына қатысты тұрғындар тарапынан 4 шағым тіркеліп, ол бойынша жеке кәсіпкерлерге тәртіптік шара ретінде ескерту жасалған.
Мақаламызға тұздық болу үшін Шу қаласындағы кейбір азық-түлік сататын дүкендерді аралап, бағаны байқап көрдік. Мысалы, көпшілік толастамайтын автобекет маңындағы «Рахат» дүкенінде келісіне есептегенде күріш-550, қант-500, қарақұмық-250, картоп-400, 800 грамдық макарон-440, «Маслозавод», «Шедевр» күнбағыс майлары-940, қарапайым халық жиі тұтынатын «Цин-Каз» қызанақ пастасы-1620, «Береке» қызанақ пастасы-1030 теңгеден сатылуда. Ал, осы дүкенге қарам-қарсы бетте орналасқан және ашылғанына көп уақыт өте қоймаған «FIR KAAN» сауда орталығында «Янтарь» күрішінің келісі-449, қант 405, қарақұмық-195, картоп-450, 900 грамдық «Цесна» макароны-646, дәл осындай салмақтағы «Мадина» макароны 669, «Маслозавод» күнбағыс майы-780, пияз-365, сәбіз-390, қырыққабат-350, тауық етінің келісі-1280, сиыр еті-3000-3200 теңгеден сатылымға қойылған.
Аталған екі сауда нүктесінің бағаларын салыстыра отырып, екеуара айтарлықтай айырмашылықты көруге болады. Бұл «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенге саятындай. Шындап келгенде, бақылаудың бостығынан берекесіздіктің белең алғандығы ма деген ой да алыста қалмайды.
Өңірімізге сырттан келген қонақтар арасында «Шудың бағасы у екен» деген сөздер айтылып, жағымсыз пікір де қалыптасып үлгергендей. Оған жуырда ғана ауданымызға Орал өңірінен келген қонақтардың пікірлері дәлел. Үміт есімді әпкеміз: -Бұл жақта арзан дүние жоқ екен. Азық-түліктің де, киім-кешектің де бағасы аспандап тұр. Біз Орал қаласындағы базар бағасын қымбат деп жүрсек, Шудың бағасы одан да асып кетті. Тағы бір байқағанымыз, киімдердің сапасы төмен. Соған қарамастан, бағасы тым қымбат. Аз айлыққа мынадай қымбатшылықпен қалай өмір сүресіңдер? – деп таңданысын жасыра алмады.
Иә, қымбатшылық мәселесін жергілікті билік өкілдері ретке келтірмесе, қарапайым халықтың қолынан не келеді? «Қайыршыға жел қарсының» күйін кешіп, амалсыз көндігеді. Ал, ушыққан мәселені билік реттей алмаса, не қайыр, не үміт? Дегенмен, мыңдаған халқы бар үлкен ауданға білдей басшы болып отырған ел ағалары баға тұрақтылығын орнатып, мәселенің оңды шешімін табуға үлес қосады деп сенім артамыз. Өйткені, ол қыз-меттік міндеттің бір бөлігі болса керек.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.