Келелі мәселелер көтерілген кеңес
Алаш баласы үшін ата кәсіптің орны бөлек. Сондықтан малды бағудан бөлек, оны алуан аурудан сақтап қалу маңызды. Сондай-ақ жаз келе дала өрті күшейіп, шомылу маусымындағы өкінішті жағдайлар жиілей түседі. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қос саланың түйткілдері тарқатылған болатын.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Хасенов актив назарына ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлары туралы баяндап берді.
Оның айтуынша жыл басынан 19 595 бас МІҚ, 176 500 бас уақ малынан қан сынамалары алынып, аудандық ветеринариялық зертханаға жеткізіліп, зерттелген. Оның ішінен 8 бас уақ малдарынан сарып ауруы анықталды. «Рамазан» ШҚ меморандумға отырып, бруцеллез жануарлар санитарлық өңдеуге жөнелтіледі.
Атқарылған жұмыстарды жіпке тізген Талғат Жақсығұлұлы кемшіліктерді де атап өтті. Атап айтқанда, құрылысы аяқталған Дулат ауылдық округіндегі ветеринарлық пункттің сапасы сын көтермейді. Тіпті, теңгерімге алынбаған. Сонымен қатар Алға және Өндіріс ауылдық округтерінде «Беккер» шұңқыры қазылғанымен, заң талаптарына жауап бермейтіні белгілі болды. Ал, Бірлік, Жаңа жол, Алға ауылдық округтері ветеринариялық пункттеріне жер телімдері қарастырылғанымен, құрылыс жұмыстары басталмаған. Осыларды баяндап өткен басшы жергілікті атқарушы биліктен жағдайға араласуды сұрады.
Мұнан кейін сөз кезегі аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Бегалиевке беріліп, 2025 жылғы шомылу мен өртке қарсы маусымға дайындық барысы баяндалды.
Бақыт Сәрсебайұлының мәлімдеуінше, биылғы 5 айда аудан аумағында барлығы 27 өрт оқиғасы орын алған. Оның ішінде адам өлімімен аяқталған бір дерек бар. Сондай-ақ бұған дейін бірнеше мәрте қаралған өрт сөндіру автокөліктеріне арнайы бұғаз (пирс) жасақтау ісіне тиісті тұлғалар тарапынан құлықсыздық танытылған. Бұғаздың бірі Шу қаласындағы «Тоғай» каналынан, екіншісі Шу өзенінің «Андасбай» ЖЖБ тұсынан жоспарланған. Бұдан бөлек, ол жаз мезгіліндегі дала өртін болдырмауға байланысты шараларды шұғыл қабылдауды сұрады.
Жазғы мезгілде тағы бір мәселе суға шомылу кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өйткені былтыр 2, арғы жылы 9 қайғылы жағдай тіркелген. Сондықтан тұрғындарды ақпараттандыру, қауіпті орындарда тыйым белгілерін орнату аса маңызды.
Талқыға түскен тақырыптар толығымен тарқатылып, тиісті шешімдер қабылданды. Өз кезегінде аудан басшысы бірқатар лауазым иелеріне тиісті тапсырмаларды жүктеді.
Байжан Емберді.