Ақпараттық портал

Кәсіби шеберлікті шыңдаудың мүмкіндігі

Бүгінгі таңда білім беру саласындағы жаһандық өзгерістер мен жаңғырту процестері педагогтерден үздіксіз кәсіби дамуды, шығармашылық ізденісті және педагогикалық шеберлікті арттыруды талап етеді. Осы тұрғыда ұстаздардың тәжірибесін тарату, үздік идеяларды қолдау және оқыту сапасын жақсарту мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен, республикалық деңгейде түрлі байқаулар өткізіліп келеді.
Солардың бірі – еліміздің педагогикалық қауымдастығы асыға күтетін, жаңашылдық пен шеберлікті ұштастыратын маңызды жоба – «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» республикалық байқауы. Бұл байқау педагогтердің кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, білім беру жүйесіне нақты әдістемелік үлес қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар білім беру сапасын арттыруда мұғалімнің кәсіби дамуы басты рөл атқаратыны сөзсіз. Осы орайда дәстүрлі түрде өткізілетін «Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» республикалық байқауы – педагогтердің шығармашылық ізденісіне жол ашатын бірегей алаң.
Байқаудың мақсаты – педагогтердің педагогикалық тәжірибесін кеңінен тарату, тиімді әдіс-тәсілдер мен жаңашыл идеяларды насихаттау арқылы білім беру мазмұнын жетілдіру.
Биылғы байқау жеті бағыт бойынша ұйымдастырылады:
-оқу сауаттылығы;
-математикалық сауаттылық;
-жаратылыстану-ғылыми сауаттылық;
-цифрлық сауаттылық;
-экологиялық сауаттылық;
-мәдениетаралық сауаттылық;
-қаржылық сауаттылық.
«Педагогикалық идеялар панорамасы – 2025» байқауына қатысу шарттары барша ұстаздарға бірдей, әділ әрі түсінікті. Әрбір педагог тек бір бағыт бойынша бір ғана авторлық жұмыс ұсына алады. Жұмыста жаңашыл әдістемелік идеяның көрініс табуы басты талап. Сонымен қатар, ұсынылған материал бұрын ешбір байқауға жіберілмеген болуы және үшінші тараптың авторлық құқықтарын бұзбауы тиіс. Жұмыстар үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.
Байқау екі кезеңде өткізіледі. Алдымен, аймақтық кезеңде қатысушы педагог өзінің авторлық идеясы мен әдістемесін жазбаша сипаттап, оның өзектілігін, тиімділігін нақты дәлелдеуі керек. Бұл кезеңде бейнематериал тапсыру талап етілмейді. Екінші кезең – республикалық деңгей, мұнда аймақтық кезеңнен өткен қатысушылар өз идеяларын бейнематериал арқылы таныстырады. Бұл педагогтің кәсіби шеберлігін кең аудиторияға танытуға таптырмас мүмкіндік. Бұл байқау білім беру саласындағы жаңашыл тәжірибені қолдап, педагогтердің кәсіби өсуін ынталандыруға бағытталған маңызды қадам. Сондықтан, барша ұстаздарды байқауға белсене қатысуға шақырамыз!
Ұлы істер идеядан басталады. Сіздің идеяңыз ертеңгі білім беру жүйесін өзгертетін қадам болуы мүмкін.
Назира Абдикеримова,
Ақжарқын Райымбекқызы,
«Өрлеу»Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының аға оқытушылары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.