Француз компанияларының өкілдерімен кездесулер өтті
Қазақстан-Франция инвестициялық форумы алаңында
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ірі компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізді.
Француздық Vicat Group компаниясы облыс аумағында «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС құрылысы бойынша жобаны сәтті жүзеге асырды.
Өңір басшысы зауыттың өнімдері тек ішкі нарыққа ғана емес, сонымен бірге шетелге де сәтті экспортталып, Қазақстанның шикізаттық емес экспорт саласындағы ұстанымын нығайтатынын атап өтті.
Ербол Қарашөкеев құрылыс саласына француз инвесторларын тарту туралы ұсыныс жасап, оның өзара тиімді ынтымақтастық үшін жоғары әлеуетін сөз өтті.
Saint Gobain жобасы – «Жамбылгипс» АҚ Жамбыл облысындағы гипс құрғақ құрылыс қоспалары мен гипс плиталарының ірі өндірушісі.
Кәсіпорын басшылығы өнім түрлерін кеңейту және оның көлемін ұлғайту жоспарларымен бөлісті.
Кездесу барысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және шағын бизнесті ірі кәсіпорындардың өндірістік тізбегіне тарту мәселелері де талқыланды.
Жаңартылатын энергия саласындағы көшбасшы TotalEnergies компаниясы энергия сақтау жүйесі бар 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі шамамен 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев Freyssinet (құрылыс, инфрақұрылым) және Bonduelle (көкөніс өнімдерін өндіру, өңдеу және консервациялау) компанияларының басшылығымен кездесулер өткізді.
Француз бизнес қоғамдастығы өкілдері Жамбыл облысы бизнес үшін болашағы зор аймақ екенін айтты.
Ербол Қарашөкеев өңір жаңа бастамаларға ашық екенін және әкімшілік қолдаудан бастап, заңнама аясында жер телімдерін беру, салықтық және кедендік преференциялармен қамтамасыз етуге дейін жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.