Ақпараттық портал

Ауыз су жүйесінің құрылысы басталды

Ауданымызда прокуратура органдары өкілдерінің тиімді жұмысы нәтижесінде қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік нысандардың құрылысы жүзеге асырылуда. Мұның жарқын дәлелінің бірі ретінде өткен аптада Шу қаласындағы «Горгаз» мөлтек ауданында ауыз су құрылысын бастау шеңберінде уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Найманхан Абдрашев, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, жергілікті аға буын өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Н.Абдрашев жергілікті тұрғындарды құрылыс жұмыстарының басталуымен құттықтап, бұл құрылыс жұмыстарының іске қосылуы елде жүргізіліп жатқан активтерді қайтару жұмыстарының нақты нәтижесін халықтың өз көзімен көруіне мүмкіндік беріп отырғандығын атап өтті. Айта кететін жайт, бұл күндері прокуратура органдарымен мемлекет пайдасына жалпы сомасы шамамен 610 млрд теңге көлемінде активтер қайтарылған. Оның ішінде 506 млрд теңге қаржылай қайтарым болса, 103 млрд. теңге көлемінде мүліктік қайтарым бар. Осындай қайтарылған капиталды халық игілігі үшін тиімді пайдалану аясында ауданымыздағы 5 ауыз су нысанының құрылысына қаражат беріліп, бүгінгі күні 3 ауыз су құрылысының жұмыстары басталып отыр.
Атап айтқанда, ауданымыздың «Жайсан» шағын ауданында су құбыры желілерінде су тарту құрылыстарын салуға арналған учаскенің жалпы аумағы 1,5 гектарды құрайды. Ал, құрылыс алаңының көлемі 1080,94 шаршы метр. Сметалық құны 990,985 миллион теңгеге есептелген құрылыстың ұзақтығы 9 ай. Яғни келесі жылы нысанды іске қосып, халық игілігіне пайдалануға беру көзделіп отыр. Құрылысты жүзеге асыратын мердігер ұйым – «Интеллект Азия» ЖШС, жобалаушы «BSS Group Engineering» ЖШС және техникалық қадағалаушы «Жамбыл экспертиза» ЖШС болып табылады.
Келесі нысан Шу қаласының «Горгаз» шағын ауданында жүзеге асырылмақ. Су нысаны учаскесінің аумағы 1,2 гектар болса, нақты құрылыс алаңының көлемі 490,54 шаршы метрді құрайды. Құрылыстың сметалық құны 1435,248 миллион теңге. Құрылыстың ұзақтығы 8 айға созылып, келесі жылы тиісті мерзімде қолданысқа берілмек. Құрылысты жүзеге асыратын мердігер ұйым «Интеллект Азия» ЖШС, жобалаушы «BSS Group Engineering» ЖШС және техникалық қадағалаушы «DACO Engineering» ЖШС.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмысы жолға қойылған тағы бір ауыз су нысанының құрылысы Шу қаласы, «Жанқұлиев» шағын ауданында қолға алынды. Сметалық құны 1078,878 миллион теңгені құрайтын нысан учаскесінің жалпы аумағы 1200 гектар болса, құрылыс алаңының аумағы 96,2 шаршы метр. Құрылыстың жүзеге асырылу мерзімі 9 ай. Нысан құрылысын жүзеге асыратын мердігер ұйым «Интеллект Азия» ЖШС, жобалаушы «BSS Group Engineering» ЖШС, техникалық қадағалушы «Жамбыл экспертиза» ЖШС.
Атап өтерлігі, аталған су нысандарының салынуына тапсырыс беруші аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Байқағаныңыздай, аталған ықшам аудандардағы үш ауыз су нысанының құрылысы келер жылдың екінші жарты жылдығында толықтай аяқталатыны жоспарланған. Бұл көп ұзамай тұрғындар сапалы суға қол жеткізеді деген сөз.
Сапалы су дегенде көңілге кірбің түсіретін бір жайт бар. Ол бүгінгі таңда пайдаланып отырған ауыз су сапасының төмендігі. Мысалы, «Қосқұдық» мөлтек ауданына қарасты автобекет маңындағы тұрғындар осыдан бірнеше жыл бұрын орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, таза ауыз су пайдаланамыз деген үмітпен қуанғанымен, бұл қуаныш ұзаққа бармады. Өйткені, қазіргі уақытта дәл осы аумақтағы ауыз су сапасы сын көтермейді. Бұл туралы газетіміздің бетінде бірнеше рет сын мақалалар жазылған болатын. Өңірдегі су сапасына жауапты тиісті мекемелердің басшыларына жолыққанымызбен, мардымсыз жауаптан басқа оң нәтиже болмай келеді.
Жуырда жоғарыда аталған үш су нысанының құрылысы басталды дегенді естігенде тағы да оның сапасына алаңдағанымыз жасырын емес. Оңтайлы сәтті пайдаланып, тапсырыс беруші аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарына жолығып, автобекет маңындағы тұрғындар пайдаланып отырған судың сапасы сын көтермейтіндігін де назарға салған едік. Бөлім мамандарының мәлімдеуінше, бұл аумақ тұрғындары су алып отырған су құбыры ескіретін уақыт жеткендіктен, алдағы уақытта осы төңіректің тұрғындарын құрылысы аяқталған соң «Горгаз» шағын ауданындағы жаңа су нысанына қосу көзделіп отырған көрінеді. Бұл фильтр суын сатып алып ішіп отырған халық үшін жағымды жаңалық болары анық. Жоспар шын мәнінде іске асырылып, тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізеді деген сенім бар.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.